2 млрд теңге бюджет ақшасын жымқырған Қазақстан азаматы үш жылдан бері Калининградта тұрып келген
Іздеуде жүрген азамат үш жылдан бері Ресей аумағында жалған құжатпен тұрып келген

Мемлекет бюджетінен 2 млрд теңге жымқырып, бірнеше экономикалық қылмыс жасағаны үшін 2016 жылдан бері іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Ресейдің Калининград облысында ұсталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2016 жылдан бастап халықаралық іздеуде болған ол (ҚР азаматы – ред.) 25 қазанда Калининград қаласында ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ҚР Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметімен бірлескен жұмысы нәтижесінде тұтқынға алынды. Ол Ресейдің Калининград облысында жалған құжатпен тұрып келген. Ол ҚК 245-ші және 262 баптары бойынша экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін тергеуден жалтарып жүрді», - деп хабарлайды Қаржы министрлігі.
Үш жылдан бері іздеуде жүрген азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей сот органдарының шешімі бойынша 9 қараша күні Қазақстанға қайтарылды.