Алматы әуежайы түрік компаниясына сатылады - министр
Алматы халықаралық әуежайы түрік компаниясына сатылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді
«Білуімше, қазір түріктің бір компаниясымен келісім жүргізіліп жатыр. Басқа ештеңе айта алмаймын, себебі бұл процесс әлі жүріп жатыр. Алматы әуежайы жекеменшікте. Қазір Азаматтық авиация комитеті осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді Б.Атамқұлов.
Әуежайдың қаншаға сатылып жатқаны белгісіз. Дегенмен, министр болашақта әуежайға инвестиция салынып, әуежайдағы қызмет көрсету сапасы жақсарады деп сендірді.
«Менің ойымша, бұл дұрыс қадам. Қызмет көрсету сапасын жақсартуға, қосымша инвестиция тартуға сеп болады. Білуімше, бұл әуежайды бірнеше аэропорттарды басқаратын белгілі компания алады. Олардың Францияда да екі әуежайы бар ғой деймін. Алматы әуежайы - Орта Азиядағы ең үлкен әуежайлардың бірі. Оның жолаушылар терминалына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Себебі жыл сайын жолаушылар ағыны артып келеді», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Алматы әуежайы дәл қазіргі сәтте нидерландтық «Venus Airport Investments B.V.» компаниясына тиесілі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан