McKinsey & Company зерттеуі бойынша Қазақстан экономикасы 56 елдің ішінде 7-ші орынға ие – Асқар Мамин
Елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтуде
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2020 жыл соңғы 100 жылдағы дағдарыстың ең қиын кезеңі болды. Былтыр елімізде жылдық инфляция 7,5 пайыз, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде тұрақтады. Бұл көрсеткіш әлемнің өзге елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жақсы. Мұндай мәлімдемені Парламенттің бірлескен отырысында Премьер-министр Асқар Мамин жасады.
«Әлемдік тауар нарықтарында сұраныс пен баға төмендеу салдарынан сыртқы сауда айналымы 85 млрд доллар деңгейінде қалыптасты, оның ішінде экспорт – 47 млрд доллар және импорт 38 млрд долларды құрады. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы тұрақсыздыққа қарамастан, өңдеу өнеркәсібі саласы 3,9%-ға артты. Осылайша, 2004 жылдан бері алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің үлесі ЖІӨ-дегі тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсті», - деді ҚР Премьер-министрі.
Асқар Мамин баяндамасында елдегі баспаналардың құрылыс саны мен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге да тоқталып өтті.
«Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 16,8%–ға өсіп, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Ал еліміздің ауыл шаруашылығында ЕЭО елдері арасындағы ең жоғары өсім, сондай-ақ соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіш байқалды. Сонымен қатар ОПЕК+ келіссөздер аясында мұнай өндіру көлемі 2020 жылы бір жыл бұрынғы 90,5 млн тоннамен салыстырғанда 85,7 млн тоннаны құрады. Дегенмен, 2020 жылдың соңында мұнай бағасы қайта қалпына келе бастады», - деді премьер.
Пандемия кезеңінде төтенше жағдай режимі мен шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін өткен жылы дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакеті қабылданды.
«Бұл – халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шұғыл шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар, экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар. Шаралардың жүзеге асыру мақсатында 6,3 трлн теңге жұмсалды. Бұл ЖІӨ-нің 9%-ын құрайды», - деді Асқар Мамин.
Сондай-ақ, елімізде зардап шеккен салалар үшін салықтық жеңілдік шаралары қарастырылды.
«700 мың кәсіпкер 1 трлн теңге салық жеңілдіктерін алды. Арзандатылған салықтық мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлердің 40 мың жобасы қаржыландырылды, зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-ның кредиті кейінге қалдырылды. Әлеуметтік көмек ретінде берілген 42 500 теңгені 4,6 млн қазақстандық алды», - деді Премьер-министр.
Премьердің мәліметінше, Қазақстан экономикасы McKinsey & Company (Халықаралық консалтинг) жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша 56 елдің ішінде 7-ші орынға ие болған.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан