ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Қазақстанда тауарлық газ көлемі артады

Алдағы бірер жылда еліміздің солтүстік облыстарын газбен қамту жоспарланған

primeminister.kz

8 маусымда Премьер-министр Асқар Мамин Атырау облысына жасаған сапары барысында Қашағанда болып, жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді.

Заманауи инновациялық кәсіпорын жылына 1 млрд м³ дейін шикі күкіртті Қашаған газын өндіреді. Одан 815 млн м³ тауарлық газ және 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты алынады деп көзделуде.

Айта кетерлік жайт, NCOC консорциумына қарасты кеніштегі жаңа зауыт мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға, елді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтуге және мұнай-газ өндірісінің экологиялығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін Қашағандағы көмірсутек өндірісінде негізгі тежеуіш фактор газ болып келсе, енді оны қосымша өндіру арқылы «Болашақ» мұнай дайындау зауытында ауыртпалық пен кедергілер азаяды.

Мән беретін тағы бір жайт, құрылыс кезеңінде мұнда 2500-ге дейін уақытша, ал пайдалану кезеңінде 600 тұрақты жұмыс орны құрылады.

«ҚазТрансГаз» АҚ өкілдерінің айтуынша, газды қайта өңдеу зауытын салуға себеп болған тағы бір негізгі фактор – елді газдандыруға қажетті көгілдір отынның қорын кеңейту. Өйткені, жыл сайын елімізде тұрмыстық газды қолданушылардың қатары артып келеді. Тек былтырдың өзінде Қазақстанның орталық өңірлері мен елорда газға қосылғаны белгілі. Алдағы уақытта солтүстік облыстар көгілдір отынмен қамтылады.

Осындай бірнеше фактордың туындауына Мемлекет басшысы мен Үкімет мүшелері назар аударған еді. Сондықтан, аталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру көп кешікпей қолға алынды. Ал, күні кеше зауыттың іргесін қалауға Премьер-министр Асқар Маминнің өзі қатысып, зауыттың орнына болашақ ұрпаққа арналған капсула қойды. Онда жобаның маңыздылығы туралы айтылған.

Айта кету керек, осынау ауқымды жобаны отандық инвестор «GPC Investment» ЖШС жүзеге асырады. Бүкіл қауіп-қатер мен тәуекелдерді де компания басшылары өз мойнына алмақ.

«GPC Investment» үшін бұл аталған саладағы алғашқы жоба емес. Компания бірнеше жыл бұрын Қожасай кенішінде газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысын салған болатын. Бұл жоба сәтті жүзеге асты.

Ал, Қашағандағы жаңа зауыттың құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Мұнан кейін кәсіпорынды іске қосу процесі жүргізіледі және толық өндірістік қуаттылыққа шығады.