Былтыр тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 33%-ға ұлғайды - Есеп комитеті

Есеп комитетінің төрайымы оның себептеріне тоқталды

Наталья Годунова, фото: kapital.kz

Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Мәжілістің жалпы отырысында 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.

«2020 жылы Ұлттық қорға түсетін барлық түсімнің 96%-ын жұмсағанымызды айта кетуіміз керек.

Енді, жағдай тұрақталған сайын оны барынша толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, Ұлттық қорға аударылуға жататын қаражаттың мақсатына сай аударылмау фактілері болған.

Бұл, оның ішінде Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілеріне активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты олардың сыртқы және ішкі борышын өтеуге пайдалану құқығын беруіне байланысты. Мұндай практиканы тоқтатуымыз керек.

Жекелеген жағдайларда Бюджет кодексін бұза отырып, Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторы компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептелді. 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспий серіктес компаниялары бойынша жобалар 664 млрд теңгеге толық түскен жоқ!», - деді комитет басшысы.

Есеп комитетінің төрайымы былтыр тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 33%-ға ұлғайғанын айтты.

«Күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды. Бұл жөнінде айтылды. 44%-дан астамы әлеуметтік секторға бағытталды.

Бірақ пайдалану тұрғысынан да теріс серпін бар. Тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 33%-ға (570 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды. Бұл пандемияның салдарын жеңілдету үшін жіберіп алған мүмкіндік.

Себептері бірдей. Болжамдағы қателіктер, жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру, орындау кезінде нашар қаржылық тәртіп», - деді Годунова.

Комитет басшысы мемлекеттік борыш жайында айтып, болашақта қауіп тудыруы мүмкін жағдайды айтты.

«Мемлекеттік борыш жыл сайынғы өсу үрдісіне ие. Бұл ретте Есеп комитеті соңғы жылдары айтқан тәуекелдер іске асырылуда. Қазір бұл 20,6 трлн теңге. Борыштың ЖІӨ-ге арақатынасы 29,4%-ға жетті және жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 27%-ға асты. 2014 жылға дейін мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейі ЖІӨ-ге шаққанда 22%-ы құрағаны кімнің есінде. Бірақ көтерілді. Біз сонда негіздемені көрмедік. Осыған байланысты қазіргі 29% жоғары деңгей болып көрінеді.

Биыл жыл басында 1,1 трлн теңгені құраған жергілікті атқарушы органдар борышының - 5 есе күрт өсуін атап өткен жөн. (2020 жылғы 1 қаңтарға - 217 млрд теңге). Әзірге бұл 1,6 трлн теңге бекітілген лимит аясында. Бірақ болашақта қауіп тудырады», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.