Мамин Шымкент пен Қазығұрттағы екі жобаны іске қосты
Премьер-министр Асқар Мамин Шымкент пен Түркістан облысында тоқыма және азық-түлік өнімдері өндірісін ашты

Үкімет басшысы Асқар Мамин Шымкент қаласындағы жіп иіру фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. «Alliance» жіп иіру фабрикасы - «Қазақстанның инвестициялық қоры» мен өзбекстандық «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының бірлескен жобасы.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің арасындағы келісім бойынша маусым айында іске қосылған. Кәсіпорында бірінші кезеңде 120 жаңа жұмыс орны құрылған. Мақта-талшықты өңдеу көлемі жылына 6 мың тоннаны құрайды. Жобаға өзбек тарапының инвестициялары шамамен 4,6 млрд теңге.
Шымкент қаласының тоқыма кластерін қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы аясында қосымша екі фабриканы іске қосу жоспарланған, бұл Қазақстанда өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттыруды қамтамасыз етеді және 800 жаңа жұмыс орнын құрады.
Сондай-ақ А. Мамин Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылындағы жылдам әзірленетін тамақ өнімдерін өндіретін зауыттың ашылу рәсіміне қатысты. Әлемдегі аса ірі жылдам әзірленетін кеспе өндіруші - «CG Foods Central Asia» компаниясы жобаға 5,7 млрд теңге инвестиция салды және 300-ге жуық қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Шығарылатын өнім көлемі жылына 4,5 мың тоннадан асады. Өндіріс процесінде тек отандық шикізат пайдаланылады. Өнімді ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарықтарға да жеткізу жоспарланған.