Нұр-Сұлтанда «банкроттардың» қарызы 170 млрд теңгеден асады
Қазір қалада банкротқа ұшыраған 617 заңды тұлға бар

Бұл туралы тілшісінің сұрағына жауап бере Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті банкроттықты оңалту басқармасының жетекшісі Айгүл Уәлиева айтты.
«2019 жылдың басынан бері, 1 қазандағы жағдайға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында банкроттық процедураға кірген 617 заңды тұлға бар, олардың кредиторлар алдындағы қарыз сомасы 170 млрд теңге. Қазіргі таңда 830 млн теңге ғана қарыз өтелген», - дейді Айгүл Уәлиева.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, 170 млрд теңге осы 617 заңды тұлғаның банкроттық процедураға кірген кездегі қарызы. Және бұл заңды тұлғалар бүгін банкрот болып жатса, ертең қайтадан жаңа мекеме аша алады. Бұған заңмен еш кедергі қойылмаған.
«Егер заңды тұлға, жалпы, кез келген қарызы бар кәсіпорын, адам банкрот болып танылса, банкроттықты рәсімдеу процесі басталады. Меншіктегі мүлкі толық сатылып, оның бүкіл қарызын өтеуге жұмсалады. Егер сатылған мүліктің ақшасы қарызын толық өтеуге жетпесе, қарызы бар адамның және оның қоластында жұмыс істеген лауазымды тұлғаларға қатысты сот әдейі банкроттық әрекетін таппаса, қалған қарызы кешіріледі», - дейді Айгүл Уәлиева.
Сонымен қатар, банкротқа ұшыраған заңды тұлға, жеке кәсіпкерлік қайтадан заңды тұлға ретінде жаңа ұйым, жеке кәсіпкерлік ашуына толық құқығы бар. Мұнда мерзім бойынша да шектеу жоқ, яғни, банкрот болған күннің ертеңінде барып жаңа бизнес ашуына болады.
«Былай алып қарасақ, банкрот болу –жаза қолданатын процедура емес. Өйткені, кәсіпорын жұмыс істеп тұрды, бірақ бір күні кредиторларының алдында қарызын төлей алмайтын күн туады немесе форс-мажор болуы мүмкін. Сондықтан, өзінің кәсіпорнын банкроттық арқылы жабамын деп шешім қабылдады. Бірақ, егер оның және оның қоластындағы адамдардың әдейі банкроттық болу әрекеті болмаса, сот олардың қарызын кешіру туралы шешім қабылдай алады. Және банкрот болып саналған кәсіпорынның құрылтайшысы, иесі, жетекшісі тағы да жаңа заңды тұлға ретінде тіркелуіне кедергі жоқ», - дейді Айгүл Уәлиева.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан