Пандемияның салдарынан Алматы облысында 119 мың кәсіпкер салықты уақытылы төлей алмаған

Облыс әкімдігі кәсіпкерлерді қолдау үшін 16,2 млрд теңге бөлді

Пандемияның салдарынан Алматы облысында 119 мың кәсіпкер салықты уақытылы төлей алмаған

Алматы облысында 641 субьектінің 24 млрд теңге несиесі кейінге шегерілген. Жеке секторда 6,5 мың жалға алушының жағдайы нашарлағандықтан, жалдау төлемдері 30%-дан 90%-ға дейін төмендетілген. Ал 690 субъект коммуналдық меншікті жалға бергені үшін төлемдерден толығымен босатылған.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Амандық Баталов пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, пандемия кезінде шағын және орта бизнес қатты зардап шекті.  Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34%-ға жетеді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 %-ға жеткізу тапсырылған болатын, біз бұл межеге келесі жылы жете аламыз» - деді А. Баталов.

Пандемияның кесірі әлі кетпесе де, өңірдегі өнеркәсіптік өсімді сақтау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Өткен 9 айда Алматы облысында өнеркәсіпте өсім 3,1% немесе 846,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығында – 2,4% (634,6 млрд), құрылыста – 11,6% (208,2 млрд) теңгені құраған.

«2020 жыл оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Үкімет дер кезінде халықты әлеуметтік қорғау және бизнесті қолдау шараларын қабылдады. Осының арқасында экономиканың негізгі салаларында өсім қарқынын сақтай алдық. Тоғыз ай ішінде 437,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,8%-ды құрады», - деді Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифингіде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Әкімнің сөзінше, биыл жергілікті маңыздағы жолдарға басымдық беріліп, жөндеу жұмыстарына Алматы облысында 62 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 347 елдімекеннің 220-да жолды жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 84%-ға жетеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.