Алматы облысында ет өндіретін кәсіпорындардың жүктемесі төмен – Амандық Баталов

Ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту мақсатында 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр

Алматы облысында ет өндіретін кәсіпорындардың жүктемесі төмен – Амандық Баталов
tekelinews.kz

Алматы облысында мал басының саны айтарлықтай өскенімен, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 4 пайызға ғана жоғарылапты. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов журналистерге арналған онлайн-брифингте айтты.

Өңір басшысының сөзінше, облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 миллионнан асқан.

«Біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға (2019ж. – 380 мың тн), сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін (2019ж. – 789 мың тн) жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сүт зауыттарының жүктемесі – 73,4%. Өздеріңізге белгілі, еліміздің ауыл шаруашылығы өніміндегі облыстың үлесі – 17%. Агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту мақсатында төрт негізгі стратегиялық мақсат белгіленді – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылды», - деді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Амандық Баталов.

Суармалы егістік алқабынның көлемін көбейту үшін 20 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі қазіргі уақытта 93 млн АҚШ долларын құрайды. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2% өсіммен 900 миллиард теңгеден асып, еңбек өнімділігі 2,5 миллион теңгеге жетеді (ҚР 2020 жылға арналған жоспары - 3,1 миллион теңге) деп жоспарланған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.