$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.09.2020, 12:07
Экономика

Ұлттық банк теңгенің неге әлсірегенін түсіндірді

Сыртқы нарықтардың қысымы дамушы елдердің валюталарына әсер етіп жатыр

Ұлттық банк теңгенің неге әлсірегенін түсіндірді
Фото: Батыржан Беспаев

Мұнай бағасының айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан, өткен аптада теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 426,60 (теңге) деңгейінде жабылды. Ал 28 қыркүйекте сауда-саттықтың ашылуында теңге 0,38%-ға әлсіреп, 428,20 тг құрады. Бұған не себеп болды? Бұл туралы Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсіндірді.

«Бүгін біз жаһандық нарықтағы доллардың нығаюына байланысты ұлттық валютаның біршама әлсіреуін байқап жатырмыз. АҚШ долларының индексі, коронавирустың екінші рет қайталануына байланысты алаңдаушылықтың күшеюі, сондай-ақ алдағы АҚШ-та өтетін Президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, екі айдағы шарықтау шегіне жетті. Халықаралық валюта қоры өкілдерінің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс күтілген жағдайдан да ұзағырақ жалғасады және кейбір елдердің экономикасының қайта өсуіне жылдар қажет болады. Еуропада коронавирустың екінші рет қайталануы туралы үрейлену және шектеу шараларын енгізу де долларға әсер етеді», - деді Ұлттық банк өкілі.

Сыртқы нарықтың қысымы дамушы елдердің валюталарына да әсер етіп жатыр.

«Түрік лирасы бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштерді жаңартуды жалғастырса, Бразилия реалы мен Мексика песосы жұмада 0,9% әлсіреді, Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2%-ға жоғалтты. Ресей рублі өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғары көрсеткіші – 78 рубль белгісінен асып түсті. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық 78,19 рубль деңгейінде жабылып, жұма күні 1,35%-ға төмендегенін көрсетті», - деп тоқталды.

Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, доллар индексінің өсуі мұнай бағасының төмендеуіне себеп болған. Мұнайға деген сұраныстың қалпына келуіне қатысты белгісіздік жағдайында теңге бағамы сыртқы факторлардың әсеріне сәйкес қалыптасады.

Серіктес жаңалықтары