Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Nur Otan партиясы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын аларда 10% салық ұстауға қарсы

Үкімет келесі жылы БЖЗҚ-дан жинақтың бір бөлігін алуға рұқсат бермек

Фото: ашық дереккөзден

Nur Otan партиясы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу кезінде 10% салық салудан бас тартуды ұсынады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компаниялардың иелігіне беруге пайдалана алуы міндетін қойды. Ел Президенті атап өткендей, бұл мәселе әсіресе, дәл қазір ерекше маңызды. Өйткені, азаматтардың «әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты».

Сонымен қатар, Салық кодексіне сәйкес, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының мерзімінен бұрын алынған бөлігіне 10 пайыздық табыс салығы салынатын болады.

Осыған байланысты, партиялық куратор, Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Артур Платонов зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу кезінде 10 пайыздық салық салуды алып тастау бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Nur Otan партиясы Мемлекет басшысының бастамасы, ең алдымен, халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған, сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану кезінде ерекше жағдайлар қарастыру қажет деп есептейді.

«Азаматтардың зейнетақы жинақтарын алу кезінде салық түрінде ұстауға жоспарланған қаражат мемлекеттің барлық экономикалық мәселелерін шешпейді, бірақ тұрғын үй мәселесін шешуде, мұқтаж азаматтарды емдеуде айтарлықтай көмек бола алады», - деді Артур Платонов.