ШұғылҮржар ауданында күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды

Кәсіпкер әйелдер коронавирус кезінде ерлерге қарағанда көбірек зардап шеккен

Қазақстанда экономикалық белсенді халықтың 48,4%-ын әйелдер құрайды

Көрнекі фото: Қазақстандағы іскер әйелдер кеңесі, 2017 жылдың маусымы, atameken.kz

Қазақстанда кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету маңызды. Өйткені, елдегі халықтың жартысынан көбін әйелдер (51,5%) құрайды. Одан бөлек, экономикалық белсенді халықтың 48,4%-ын да әйелдер құрайды. Жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына да әйелдердің үлесі - 48%. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.

Тамыз айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 1,1 миллион жеке кәсіпкер бар. Сондай-ақ олардың 46,9%-ын немесе 496,6 мыңын әйелдер басқарады.

Кәсіпкер әйелдер айналысатын негізгі және дәстүрлі салалар – білім беру, орналастыру және тамақтандыру қызметі, тұрмыстық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары, көтерме және бөлшек сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер.

БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, шағын және орта бизнес сегментіндегі кәсіпкер әйелдер коронавирустық дағдарыс әсерінен ерлерге қарағанда көп зардап шегеді. Себебі, бұған дейінгі проблемалар дағдарыс кезінде одан сайын күшейе түскен. Мектептердің барлығы жабылғандықтан, әйелдер балаларына көбірек көңіл бөлуге мәжбүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын да әйелдер. Одан бөлек, кәсіпкерлікті онлайн форматқа ауыстыру да қиынға соғады.

Сондай-ақ кәсіпкер әйелдер қаржыландырудың жетіспеушілігі, білім мен ақпаратқа қолжетімділік бойынша да қиындыққа тап болады екен.

Қазақстан кәсіпкерлеріне айтарлықтай қаржылық қолдау көрсететін – KMF микроқаржы ұйымы. 1 шілдедегі жағдай бойынша, ұйымның тұтынушыларының саны – 225,1 мың. Оның 57% -ы (128,2 мың) – әйелдер. Микроқаржы ұйымының несие портфелі бір жыл ішінде 2,7% өсіп, 135,5 млрд теңгені құрады (бір жыл бұрын – 131,9 млрд теңге).

KMF - әйелдер бизнесін қолдау саласында халықаралық қаржы институттары мойындаған Қазақстандағы көшбасшы ұйым. Қаржы ұйымы әйел кәсіпкерлердің мүмкіндігін арттыру үшін көптеген әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырады. Қыркүйек айынан бастап компания қиындыққа қарамастан, бизнесін дамытуға талпынған әйелдерге бағытталған арнайы микронесие беру бағдарламасын іске асыруда.

Одан бөлек, Қазақстанда кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсететін «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан», Solva, «Арнур Кредит» және «МК-Финанс» секілді микроқаржы ұйымдары бар.