$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.08.2020, 13:22
Экономика

Kaspi және тағы бірқатар онлайн-дүкендер салықтан босатылуы мүмкін

Жарты жылда онлайн-сауда көлемі 432 млрд теңгені құраған

Kaspi және тағы бірқатар онлайн-дүкендер салықтан босатылуы мүмкін
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда бірқатар цифрлық сауда платформалары салықтан босатылуы ықтимал. Онлайн-сауданы қолдау шаралары туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдында есеп беру кездесуі кезінде айтты.

«Қазақстанда 13 цифрлық сауда платформасы жұмыс істейді. Олар -  Kaspi, Chocofamily, Technodom, Mechta және басқалар сияқты маркетплейстер. Оларды қолдау мақсатында корпоративтік табыс салығын және жеке табыс салығын төлеуден қосымша босату мәселесі пысықталуда. Ұлттық банкпен бірлесіп төлем жүйелері арқылы электрондық коммерцияны дамытуды ынталандыру мәселелерін пысықтап жатырмыз», - деді ол баяндамасында.

Министр пандемия кезеңінде қарқынды дамыған электрондық коммерцияға мемлекет баса назар аударатынын жеткізді. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда электрондық нарық көлемі 700 млрд теңгеден сәл асқан болса, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында онлайн-сауда көлемі 432 млрд теңгені құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 900 млрд теңгеге жетеді деп күтіледі. Ал, 2022 жылға қарай онлайн сатып алу көлемі 2 триллион теңгеге немесе елдегі барлық бөлшек сауданың 13%-ын құрауы мүмкін.

«Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылға қарай электрондық коммерция үлесі нарықтың 15%-ына жетеді. Электрондық коммерция бөлшек сауданы, әсіресе халықаралық сауданы айтарлықтай жеңілдетеді және жеделдетеді. Біздің кәсіпкерлерге әлемдік электрондық сауда алаңдарын игеруге көмектесу үшін Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries-пен министрлік келіссөздер жүргізуде», - деп айтты Сұлтанов.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясымен 2022 жылдың соңына дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 100 мың шаршы метрлік логистикалық орталық салуға және 5000 жұмыс орнын ашуға келіскен.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары