Сарапшы Беларусьтегі жағдайдың Қазақстан экономикасына әсері жайлы айтып берді
Беларусь елінде жалпыұлттық наразылық акциясы 23 тамызға жоспарланып отыр
Беларусьте саяси ғана емес, экономикалық ахуал да ушығып барады. Мемлекеттік кәсіпорындар тұралап, жұмысшылар қайта сайланған президент Александр Лукашенконың отставкасын талап етіп, әлі ереуілдетіп жатыр. Бұл зауыттардың өнімі негізінен экспортқа шығарылатынын ескерсек, Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктес елді үлкен тоқырау күтіп тұрған секілді.
Қазақстанмен мен Беларусьтің өзара тауар айналымы 900 млн доллардың шамасында. Біз одақтас мемлекетке негізінен мұнай өнімдерін, түрлі-түсті металл, бидай, мақта талшықтарын жөнелтсек, Беларусьтен ауылшаруашылық, тұрмыстық техникалар, азық-түлік, жиһаз, дәрі-дәрмек жеткізіледі.
Экономист Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша Беларусьтегі шиеленіс Қазақстанға әсер еткенімен, зардабы қатты болмайды. Бірақ Еуроодаққа мүше елдер ресми Минскіге экономикалық санкция салатын болса, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін айтады.