Қазақстан банктері соңғы екі жылда мемлекеттен 4,8 трлн теңге көмек алған

Бұл қаражат 2017 жылдан бүгінге дейін банктерді «құтқаруға» бағытталған

Қазақстан банктері соңғы екі жылда мемлекеттен 4,8 трлн теңге көмек алған
Фотоколлаж

Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің қаржылық өтімділігін арттыруға 4,8 трлн теңге бөлінген. Қаржы сарапшыларының есептеуінше, 2017 жылдан бүгінге дейін осыншама қаражат банктерді «құтқаруға» бағытталған. Бұл туралы «Azattyq Rýhy» тілшісіне  қаржыгер Мұрат Темірханов айтып берді.

Қаржы сарапшысы Мұрат Темірханов банк секторына соңғы екі жылда жұмсалған мемлекет қаржысы Ұлттық банктің монетарлық саясатына ешқандай оң өзгеріс әкелмеген деп мәлімдейді. Қаржыгер осыншама капиталдық жариялылығы мен мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін дәлелдеу үшін зерттеу жүргізіп көрген. Оның айтуынша 2017 жылы «Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру туралы» мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Ал осы құжат аясында бөлінген қаражаттардың көлемін анықтау үшін төмендегі екі компанияның  2017-2018 жылдардағы қаржылық есебіне үңілу жеткілікті, дейді сарапшы.   

Осы кезеңдерде мемлекеттен берілетін көмекті жүзеге асырумен «Қазақстан тұрақты даму қоры» (Ұлттық банк) мен «Проблемалық кредиттер қоры» (Қаржы министрлігі) айналысқан. Проблемалық кредиттер қоры 2012 жылы құрылғанымен негізгі ірі операцияларды 2017 жылы жүзеге асырды. Оның БТА Банкінен қалған 2 трлн 600 млрд теңге проблемалық активтерді алғаны белгілі. Ал тұрақты даму қоры 2017 жылы екінші деңгейлі банктердің қаржылық жағдайын жақстарту үшін және ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мақсатында арнайы құрылған болатын.

Сонымен 4,8 трлн теңге қайда жұмсалды деген сауалға жауап алу үшін төмендегідей кестеге назар аударған жөн. Бұл қаражат 2017-2019 жылдары қандай банктерге, қанша көлемде берілді.

Қаржы сарапшылары мұндай сомманы жекеменшік банктерге бағыттағанда, тұтынушыға қандай тиімділік әкелді немесе пайда берді деген сауалға жауап іздейді. Банктердің қаржылық өтімділігі оңалса, қарапайым тұтынушы үшін несиенің пайыздық мөлшерлемелері неге төмендеген жоқ, халықтың төлей алмай қалған ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер өз есебінен қаржы жұмсап көрді ме?Ендеше бұл банктердің қаржылық тұрақтылығына деп бөлінген ұлттық қордың ақшасы қайда жұмсалуы мүмкін деген заңды сауал туады.   

Айта кету керек, Цеснабанкке мемлекеттік көмек  Ұлттық банктің қамтамасыз етілмеген эмиссиясы есебінен берілді. Қазақстан тұрақты даму қоры 2017 жылы «Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру туралы» мемлекеттік бағдарлама аясында 100 млрд теңге бөлген. Дәл осы кезде тағы 4 ірі банкке Ұлттық банк қарыз үлестірді. Ақырында банктер жеңілдетілген несие ретінде 15 жылға 654 млрд теңге алған.


«Ұлттық банк жоғарыдағы қаржы инситуттарының тұрақты жұмыс істеуіне бөлінген қаражаттар толық мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Алайда олай болмай шықты. Былтыр жыл соңында RBK Банкі мен Цеснабанк тоқырауға ұшырады. Соңғысы дағдарысқа ұшырағанын жариялап, өз активтерін құпия түрде сатты. Ал 1,45 трлн теңгеге бағаланған проблемалық активтерін (450 млрд- 2018 жылы, 604 млрд-2019 жылы) Проблемалық кредиттер қоры өз балансына алуға мәжбүр болды», - дейді Мұрат Темірханов.

Биыл тамыз айында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі 14 коммерциялық банктің активтерінің сапасын тексеруге (AQR) кіріскені айтылған болатын. Басты қаржы реттеуші оның қортындысын биыл жыл соңында жариялауға уәде берген. Осы сүзгінің нәтижесіне  қарай Үкімет банк жүйесінің болашағы мен оларды сауықтыруға байланысты түбегейлі шешімдер қабылдауы тиіс. Алайда мұндай тексерулер бұрын да жүргізілген. Ұлттық банк қаржы инситуттарының билікте отырған беделді акционерлеріне «тісі бата ма» деген мәселе алдыдан шыға беретін еді, дейді қаржыгер.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.