Шымкентте жолға, баспана мен ауызсуға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған - әкімдік
Шымкент қаласын Ғабидолла Әбдірахымов басқарған тұста шаһар бюджеті тиімсіз жұмсалған. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді
Ербол Әбілхайырұлы тамыз айында жаңа қызметіне кіріскен күннен бастап қала бюджетіне талдау жүргізіпті. Талдау нәтижесінде көптеген келеңсіздіктерге тап болғанын айтады.
Оқи отырыңыз: Түркістан дербес облыс атанғанда, Шымкент өзіне тиесілі үлесін толық алмаған
Мәселен, Шымкенттегі кейбір елді мекендерге ауызсу жүйесі тартылғанмен, тіршілік нәрін сол елді мекенге жеткізу үшін қаржы қарастырылмаған.
«Таңғалатын мәселе, Достық шағын ауданындағы Сыпырған ата көшесі арқылы өтетін магистральды су құбырын аяқтауға 300 миллион теңге беріп жатырмыз. Осы су құбырының аяқталуын тосып отырған 100 мыңнан астам халық бар. Соған 2 жылдан бері қаржы бөлінбеген. Егер бұл жоба сәтті аяқталатын болса, Темірлан тас жолы бойындағы ел мекендер мен Самал-2, Самал-3 шағын ауданы тұрғындарын да ауызсумен қамтуға болады», - дейді Ербол Садыр.
Сондай-ақ жол құрылысына бөлінген қаражат да тиімді жұмсалмаған. Ербол Садырдың айтуынша, қолда бар қаржыға жекелеген көшелерді салып бітірмей жатып, ақшаны қаланың басқа көшелерінің құрылысына үлестіріп жіберген. Салдарынан ол көшелердің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай, қалған жұмыстар келер жылдың еншісіне қалған. Мұндай олқылықтар тұрғын үй құрылысында да кездеседі екен.
«Қаржы еш уақытта жеткен емес және жетпейді де. Мәселе қаржыны тиімді жұмсауда. Үкіметтен тұрғын үй салу үшін 2 жылға несие береді. Ол сұрауы бар қаржы, сол себепті тиімді пайдалану керек. Ал бізде бұл ақшаға не істелген? Мен сіздерге айтайын, Үкімет берген 20 млрд теңге қаржыға бірден 40 үй салып бастаған. Қазір сол 40 үйдің 11-і ғана пайдалануға беріліп отыр. Алда тағы бесеуі беріледі. Алайда, 20 миллиард теңгеге қазір 40 үйдің 30-ын пайдалануға беруге болар еді», - дейді ол.
Қазіргі Шымкент басшылығы қаладағы әлеуметтік мәселелерді маңыздылығына қарай бірінші, екінші, үшінші кезекте шешілуі тиіс деп кезеңдерге бөліп отыр. Сол себепті, қазынадағы қаржы бірінші кезекте халықтың мұқтажына қарай туындаған мәселелерді шешуден басталмақ. Осыған байланысты, жергілікті билік сақалды құрылыстарға бөлінетін қалған қаржыны қала қазынасына қайтарып, оны қысқа уақытта шешілетін өзекті жобаларға жұмсап жатыр екен.
«Бюджеттің негізгі принципі – ол түпкі нәтижесі. Яғни, біз жұмсаған қаржы арқылы қысқа мерзімнің өзінде түпкі нәтижеге қол жетуіміз керек. Пайдасын халық көру керек», - деді Ербол Садыр.
Еске салайық, Шымкент 2018 жылдың маусымында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан бөлініп шығып, республикалық деңгейдегі қала мәртебесін алған болатын. Сол уақыттан бері қаланы басқарған Ғабидолла Әбдірахымов биыл Президент әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаевтан сын естіп, артынша қызметінен босаған еді. Лондонда жүріп, қазақстандықтарды отанды сүюге шақырған Әбдірахымовтың видеожолдауы қоғамда қызу талқыға түсіп, ақыры ол жауапкершілікке тартылды.
Қала билігін жуырда қолға алған Ерлан Айтаханов пен оның орынбасарлары бұрынғы әкімнің бюджетті игере алмағанын, көптеген әлеуметтік нысанның проблемалары шешілмегенін, құрылыс жүргізілмегенін айтып отыр. Сондай-ақ, облыс пен қала бөлінген кезде де Шымкентке қаражат дұрыс бөлінбеген көрінеді. Салдарынан, қазір шаһарда қаржы жетіспеу проблемасы туындап отыр.
«Ішкі саясат және дін істері басқармасына, төтенше қызметке, денсаулық сақтау саласына, білім беруге, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау және кәсіпкерлік бойынша жаңа функциялар берілген. Барлығы 44 міндет. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін ОҚО болып тұрған кезде 16,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ал, енді оның 2019 жылға қажеттілігі 19 миллиард теңгені құрайды. Бөлініс кезінде есептеулер дұрыс жүргізілмеген болуы мүмкін, өйткені Шымкент қаласы өзіне тиесілі үлесін алмаған», - дейді Ербол Садыр.
Сондай-ақ сол кездегі Шымкент қаласының басшылығы қазынаның кіріс бөлігін есептегенде де қателіктер жіберген.
Нақтырақ айтқанда, Шымкентте жаңа салынған тұрғын үйлерді сатудан 23 млрд 440 млн теңге табыс табамыз деп жоспарлаған. Алайда, Ербол Садыр оған талдау жүргізілгенін айтып, аталған сомадан 17 млрд 651 млн теңге түспейтіні белгілі болған. Себебі, ол тұрғын үйлер бітпеген, әлі де салынып жатыр екен. Пайдалануға беру үшін қосымша қаражат қажет.
Талдау жұмыстарының нәтижесінде осы олқылықтарды ескере отырып, қаланың бүгінгі әкімі Ерлан Айтаханов үкіметке арнайы ұсыныспен шыққан. Осыған орай, республикалық бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде көмек беру жөнінде шешім қабылданыпты. Бұдан бөлек, қала әкімдігі қазынаға биыл бұйырмайтын 17,7 млрд теңге қаржының орнын толтыру мақсатында өзге табыс көздерін қарастырып, әзірге 8 млрд теңгеге жуығын еңсерудің жолын тауыпты. Оның ішінде акцизден 3 млрд теңге, мүлік салығынан 4,5 млрд теңге түсіруге жұмыс жасалып жатыр.
Арай Есенбек, Шымкент