Қазақстанда қоқыс өңдейтін тағы екі зауыт салынбақ
Бұл туралы ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлайды. Қазір жобаға байланысты техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр
«Бұл жобалар Өскемен және Семей қалаларында салынады. Екі зауытты пайдалануға беру үшін шамемен 23,5 млрд теңге қажет. Оның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) несиесі 9,5 млрд теңгені, Үкімет гранты 4,7 млрд теңгені, облыс әкімдігі бөлетін қаржы 3 млрд теңгені, халықаралық донордың үлесі 4,9 млрд теңгені, техникалық көмек 1,4 млрд теңгені құрайды», - дейді басқарма.
Барқама хабарлағандай, Өскемендегі жоба құны 11,3 млрд теңге болса, Семейдегі зауыт құны 12,2 млрд теңге. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды механикалық және биологиялық жолмен тазартуға арналған кешендер, жаңа санитарлық полигондар салу, қолданыстағы полигондарды жабу және арнайы жабдықтар мен техникаларды сатып алу жоспарланып отыр.
Қазір жобаға байланысты техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Желтоқсан айында банкке қоқысты шығару әдістері мен технологияларын зерттеу нәтижелерін ұсынады.
«Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен қоқыс өңдейтін кешендер салуға ыңғайлы, санитарлық-эпидемиологиялық және гидрогеологиялық талаптарға сәйкес ең қолайлы жер учаскелері анықталды», - дейді әкімдіктегілер.
Зауыттар 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр және бұл жобалар 50 адамды жұмыспен қамтымақ.