Ең аз орташа айлық Түркістан облысында
Ең аз жалақы алатын өңірлерге Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары кіреді
2019 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша республика бойынша орташа айлық жалақы 191,1 мың теңгені құрап, 18,1%-ға артқан. Инфляция есебімен өткен жылдың сәйкес кезеңіне жалақы төлеу қабілетінің нақты өсуі 12%-ды құрады. Сонымен қатар, 2019 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша тауарлар мен қызметтердің бағасы бір жылда 5,3%-ға өсті. Бұл деректерді ranking.kz ұсынып отыр.
Жалақы көлемі өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,8%-ға өскен.
Республика бойынша ең көп жалақы алатын өңір – мұнайлы өлке Атырау тұрғындары. Олардың орташа айлық жалақысының мөлшері 361,5 мың теңге (бір жыл бұрын 310,6 мың теңге болған). Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден 89,2% жоғары.
Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, мұнда орташа айлық 308,1 мың теңге, республика бойынша орташа деңгейден 61,2% жоғары.
Маңғыстау облысы үшінші орында: 297,3 мың теңге. Мұнда орташа айлық жалақы орташа республикалық мәннен 55,5%-ға артық.
Үздік бестікте Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысы да бар: Алматыда - 222 мың (республикалық мәннен 16,2% жоғары), БҚО-да - 191,3 мың теңге.
Республика бойынша орташа деңгейден жоғары жалақы тек осы 5 өңірде ғана тіркелді.
Ең аз жалақы алатын өңірлерге Түркістан (122,8 мың теңге — орташа республикалық мәннен 35,8%-ға кем), Жамбыл (127,8 мың теңге — 33,1%-ға кем) және Алматы (137,1 мың теңге — орташа республикалық мәннен 28,3%-ға кем) облыстары кіреді.
Салалық құрылым бойынша ең жоғары номиналды жалақы қаржы және сақтандыру қызметтерінде тіркелді: 484,6 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,5 есе артық).
Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда саласындағылардың орташа айлық жалақысы 418,0 мың теңге (орташа республикалық мәннен 2,2 есе артық).
Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегілердің орташа айлығы 334,1 мың теңге (орташа республикалық мәннен 74,8%-ға артық).
Құрылыстағылардың орташа жалақысы 257,7 мың, ал ақпарат және байланыс саласындағылар 248,9 мың теңгені құрады.
Салалық құрылым бойынша орташа жалақының ең төменгі көрсеткіші білім беру саласында: 122,1 мың теңге - республика бойынша орташа көрсеткіштен 36,1%-ға төмен.