Қазақстандағы «Еурокоптер» кәсіпорны 7 жылда экспортқа екі-ақ тікұшақ шығарған
Жуырда компания Тәжікстанға бір тікұшақ сатып, оны БАҚ беттерінде «жетістік» ретінде көрсетті
Сөз жүзінде жылына 12 тікұшақ, іс жүзінде соның жартысы ғана орындалған
«Казахстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы «Azattyq Rýhy» жолдаған сауалға 2012-2019 жылдары өз қарамағындағы «Еврокоптер Казахстан инжиринг» кәсіпорны ашылғалы бері небәрі 32 тікұшақ құрастырылғанын мәлімдеді (оның ішінде ЕС145 маркалы тікұшақ - 26, Н130 – 3, Н125 – 3 дана). 32 тікұшақтың 26-сын еліміздегі мемлекеттік органдар алған, төртеуін жеке компаниялар алған. Қалған екеуі шетелге экспортталды. Бірі Қырғызстан, екіншісі Тәжікстан асты. Кәсіпорынның жылына 12 тікұшақ жасауға қуаты жетеді, тіпті әу бастағы мақсат та солай болған. Егер кәсіпорын жоспардағыдай әлеуетін толық пайдалана алса, бұрнағы күнге дейін кем дегенде 84 тікұшақ құрастырып шығуы тиіс еді. Алайда, 7 жылда небәрі 32 тікұшақ құрастырған «Казахстан Инжиниринг» басшылығы кәсіпорынның жылына 12 емес, 40 тікұшақ шығаруға қауқарлы екенін айтады. Мұндай мәлімдемені «Казахстан Инжиниринг» басшысы Қуаныш Бишімов жақында Тәжікстанға саудалаған тікұшағын салтанатты рәсімге айналдырған жиында айтты.
«Біздің алдымызда осы бағыттағы жұмыстарды әртараптандыру тапсырмасы тұр. Әрине, орта Азия нарығын да жаулап алуға да дайынбыз. Үкімет қолдауымен осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз. Осылайша жоспарлы көрсеткішке жетіп, жылына 40 тікұшақ шығара аламыз», - деп еді ол.
Министрлік 2020 жылдан бастап экспорт көлемін арттырамыз деп үміттенеді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тікұшақтарға сұраныс өте аз екенін айтады.
«Қазір әлемдік экономикадағы дағдарыс өнеркәсіп саласындағы сұранысты да төмендеткен. Бұл жағдай ЕСКИ (Еврокоптер - автор) акционерлерінің бірі «Airbus» халықаралық концерніне де әсер етіп отыр. Жоғары технологиялық өнімге деген сұраныстың төмендеуі кәсіпорындардың өндірістік қуатын толықтай пайдалануға мүмкіндік бермей отыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Дегенмен, министрлік тікұшақтарды экспортқа шығаруға ешкімнің қолбайлау болып отырмағанын айтады. Қайта, Үкімет экспорттық әлеуетті арттыру үшін отандық тауарларды өндіретін, оның ішінде әскери, қосарланған мақсаттағы және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамыту жөнінде біраз іс-шараларды жүзеге асырған. Мысалы, шетелге шығарылатын тауарлардың жарнамасына, тиісті жеріне жеткізілуіне кететін шығындардың 50 пайызын мемлекет өтеп береді. Мұндай жеңілдіктер 2020 жылдан бастап іске аса бастайды.
Бір тікұшақтың құны - 2,2 млрд теңге
«Еврокоптер» компаниясын «асырап» отырған Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Қазавиатқұтқару» мекемесі деуге әбден болады. Ұйымның бізге берген жауабында «Қазавиақұтқару» авиапаркіндегі 27 тікұшақтың 18-і Еврокоптердің ЕС-145 маркалы техникасы екені айтылған. Бір техниканың орташа бағасы - 2,2 млрд теңге. Мекеме 2020-2024 жылдарға жоба әзірлеп, осы уақыт аралығында кезең-кезеңімен тағы 20 тікұшақ (Ми-8АМТ, Н-130 және Н-145) алуды жоспарлап отыр. Егер жоба мақұлданса, тікұшақтың бәрін отандық өндірушілерден сатып алмақ.
Еврокоптердің 7 жылдан бері тұрақты тұтынушысына айналған Төтенше жағдайлар комитеті техникада ақаулар кездесетінін жасырмайды. Бірақ бұл ақаулардың бәрі өз уақытында қалпына келтіріліп отырған.
«Тікұшақтар сертификатталған және ұшуларды орындау қауіпсіздігі бойынша қазақстандық және халықаралық талаптарға жауап береді», - деп жазылған «Қазавиақұтқару» мекемесі хатында.
Қырғызстан мен Тәжікстан тікұшақты қандай ақшаға алды?
Тікұшақтарды экспортқа шығаруға «Еврокоптерге» «Kazakh Export» сақтандыру компаниясы қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, тапсырыс берушілерге жеңіл несие алуға көмектеседі. Мысалы, осы жолы бір ғана тікұшақ сатып алған Тәжікстанның «Сомон эйр» әуе компаниясына «Kazakh Export» әріптес-банктер арқылы 5 жылға 3%-бен несие алып берген.
«Ақшаның қайтарылмай қалмау тәуекеліне біз кепілдік береміз. Әуе компаниясы бес жыл ішінде қарызды қайтарады деп сенеміз. Тікұшақтың көпфункциялы екенін ескерсек, Тәжікстан одан түсетін пайдаме-ақ несиесін өтейді деп үміттенеміз. Себебі, борт тек жолаушылар тасымалымен шектелмейді, құтқару, өрт сөндіру және тағы да басқа мақсаттарға пайдалана беруге болады», - деді компаниясы төрағасы Руслан Ысқақов.
Қазақстанда НАТО тікұшақтарын құрастыру мүмкін бе?
Өндірістік қуатын толық пайдалана алмай отырса да, «Казахстан Инжиниринг» басшысы Қуаныш Бишімов отандық кәсіпорынның НАТО қарулы күштері қолданатын Н145 тікұшақтарын шығаратынын айтты. Компания алдымен техниканың аязға төзімділігін сынап көрмек. Тікұшақты алуға қызығушылық танытып отырған – ҚР Қорғаныс министрлігі.
«Біз осында тікұшақты ақпан-қаңтар айларында әкеліп, әскери жағдайда сынап көрмекпіз. Егер жақсы нәтиже болса, ауыр тікұшақтарды өзімізде де құрастырамыз», - деді Қ.Бишімов.
Бұдан бұрын Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де Н145 әскери ұшағын құрастыратын жоспары бар екенін хабарлаған. Бұл келісімге қаруландыру саласындағы қазақ-француз коммиссиясының VIII отырысында қол жеткізілді. Әскери тікұшаққа Төтенше жағдайлар комитеті де қызығушылық танытып отыр.
Ақпарат үшін:
«Еврокоптер Казахстан Инжиниринг» - Қазақстан мен Орталық Азиядағы Airbus Helicopters тікұшақтарын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Ол Қазақстан, Германия және Франция елдерінің бірлескен жобасы. Зауыт 2012 жылы 29 маусымда ашылды. Компанияның 50% акциясы «Казахстан Инжиниринг» ҰК» АҚ-на, 50 %-ы «Airbus Helicopters» біріккен неміс-француз компаниясына тиесілі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан