Түркия Қазақстанның экономикасына осы уақытқа дейін 6 миллиард доллар инвестиция құйған – Тоқаев

Ал Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтаған

Түркия Қазақстанның экономикасына осы уақытқа дейін 6 миллиард доллар инвестиция құйған – Тоқаев
Фото: Ақорда

Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, Тоқаев «Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес екенін», осы «тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын» алға тартқан.

«Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев сондай-ақ қазір Түркия әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды.

«Сіздің салиқалы, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның әлемдегі ықпалы мен беделі арта түсті. Түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отыр. Мемлекетіңіздің жетістіктері – Сіздің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білеміз», – деді Тоқаев.