Moody’s рейтингі дегеніміз не — сарапшы банктерді халықаралық бағалаудың мәнін түсіндірді
Ол Moody’s рейтингінің экономикалық маңызына тоқталды
Қазақстандық банк халықаралық қаржы нарығында кеңінен мойындалған, елдер мен ірі қаржы институттарының сенімін айқындайтын маңызды рейтингке енді. Moody’s рейтингісі әлемдегі ең беделді үш рейтингтік агенттік қатарына кіретін Moody’s Investors Service береді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Moody’s Investors Service-тің Moody’s рейтингі дегеніміз елдің, банктің немесе компанияның қарызды уақытында қайтара алу қабілетін анықтайды.
«Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, Moody’s Investors Service – сенім индикаторы. Егер рейтинг жоғары болса, бұл қарыз алушының қаржылық жағдайы тұрақты, төлем қабілеті берік және тәуекелі төмен дегенді білдіреді. Мұндай жағдайда инвесторлар мен кредиторлар қаражат салуға немесе қарыз беруге сенімдірек қарайды. Себебі жоғары рейтинг компанияның немесе мемлекеттің қарыз міндеттемелерін уақытында және толық көлемде орындау ықтималдығы жоғары екенін көрсетеді», - дейді ол.
Сарапшы атағандай, Moody’s рейтингтері әдетте ең жоғары «Aaa» деңгейінен басталып, ең төменгі «C» деңгейіне дейін төмендейді.
«Aaa» – қаржылық тұрақтылықтың ең жоғарғы көрсеткіші, яғни дефолт қаупі өте төмен деген сөз. Ал «C» деңгейі қарыз бойынша міндеттемелер орындалмай қалған немесе орындалу ықтималдығы өте төмен жағдайды білдіреді. Инвестициялық деңгей «Baa3»-ден жоғары бағаларды қамтиды. Бұл санатқа кіретін эмитенттер салыстырмалы түрде сенімді деп есептеледі және халықаралық нарықтан қаржы тарту мүмкіндігі кеңірек болады. Ал «Baa3»-тен төмен рейтингтер спекулятивті немесе жоғары тәуекелді аймаққа жатады. Мұндай жағдайда инвесторлар жоғары табыс талап етеді, себебі тәуекел де жоғары. Сондықтан рейтингтің бір сатыға көтерілуі немесе төмендеуі қарыз құнына, инвестициялық тартымдылыққа және жалпы қаржылық беделге тікелей әсер етеді», – дейді сарапшы.
Бауыржан Ысқақ атағандай, Қазақстан банктері үшін бұл рейтинг өте маңызды.
«Себебі халықаралық нарықтан қарыз тартқанда инвесторлар ең алдымен рейтингке қарайды. Мысалы, ірі қаржы институттарының рейтингі жоғары болған сайын, олар шетелден қаражатты төмен пайызбен тарта алады. Ал егер рейтинг төмендесе, банк үшін сыртқы қарыз қымбаттайды. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы несие пайызына да әсер етеді. Жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда, Moody’s рейтингі елдің инвестициялық тартымдылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Халықаралық инвестициялық қорлар қаржы салмас бұрын елдің егемендік рейтингіне назар аударады», - деді ол.
Егер елдің рейтингі инвестициялық деңгейде болса, бұл:
- сыртқы капитал ағынын арттырады;
- мемлекеттік қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетеді;
- ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді.
«Сондықтан Moody’s рейтингі – жай ғана баға емес, елдің қаржылық беделінің халықаралық өлшемі»,- дейді Бауыржан Ысқақ.
Инвесторлар, халықаралық қорлар мен кредиторлар қандай да бір елге немесе компанияға қаржы құяр алдында ең алдымен осы рейтингке назар аударады екен. Себебі рейтинг қарыз алушының қаржылық тұрақтылығын, тәуекел деңгейін және экономикалық ахуалға төзімділігін көрсетеді.
Инвестициялық және спекулятивтік деңгейлер:
- Aaa-дан Baa3-ке дейінгі рейтингтер инвестициялық деңгей (төмен тәуекел)
- Ba1-ден C-ке дейінгі рейтингтер спекулятивтік немесе «жоғары тәуекелді»
Ал осы халықаралық рейтинг «Kaspi.kz» пен «Kaspi Bank»-тің инвестициялық қабілетін растаған. Болжам – тұрақты.
Moody’s Kaspi-дің жоғары тиімділігін, жеткілікті капитал қоры мен өтімділігін, нарықтағы көшбасшылық позициясын және экономикалық циклдерге төзімділігін атап өткен.
«Kaspi.kz» АҚ-ның шетел және ұлттық валютадағы ұзақмерзімді рейтингтері, сондай-ақ шетел валютасындағы қамтамасыз етілмеген облигациялар рейтингі Baa3 деңгейінде расталды.
Ұлттық шкала бойынша ұзақмерзімді эмитент рейтингі – A2.kz. Қысқамерзімді депозиттік рейтингтері мен контрагенттік тәуекел рейтингтері – Prime-3 деңгейінде тұр. Бұл қазақстандық банктің халықаралық аренадағы беделін арттыра түсіп, шетелден қаражатты төмен пайызбен тартуға мүмкіндік береді деген сөз.