Қазақстанның үш облысында «жасыл» электр стансалар салынады
Орталық Азиядағы ең ірі жел энергетикасы жобаларының бірі жүзеге асады
Парламент Мәжілісі «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, келісімге 2024 жылғы 12 қарашада COP-29 халықаралық климаттық саммиті аясында қол қойылған. Құжат – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, экологиялық таза технологияларды енгізуге және ірі инвестициялар тартуға бағытталған жүйелі шешім.
«Келісім аясында жалпы қуаты 1800 МВт болатын ірі жобалар пакеті іске асады. Павлодар облысында қуаты 1000 МВт жел электр станциясы салынады. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі жел энергетикасы жобаларының бірі. Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясы іске асырылады, ал Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясы салынады», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, барлық жоба заманауи энергияны жинақтау жүйелерімен біріктіріледі. Мысалы Павлодар облысында 300 МВт/ сыйымдылығы 600 МВт·сағат, Қарағанды облысында 150 МВт/ сыйымдылығы 300 МВт·сағат, Түркістан облысында 90 МВт/ сыйымдылығы 360 МВт·сағат қуатындағы жинақтау жүйелері көзделген.
«Бұл шешім жаңартылатын энергия көздеріне тән тұрақсыздықты өтеуге, электр энергиясын ең жоғары жүктеме сағаттарында желіге беруге және ұлттық энергожүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыжобалардың энергетикалық жүйе үшін нақты әрі өлшенетін пайдасы бар. Энергияны жинақтау жүйелері арқылы энергожүйені теңгерімдеу мүмкіндігі артады, маневрлік қуаттар күшейеді, жүктеменің күрт өзгеруіне жедел әрекет етуге жағдай жасалады. Өңірлік деңгейде электрмен жабдықтаудың сенімділігі артып, энергия тапшылығы тәуекелдері төмендейді», - деді Жаңбыршин.
Келісім аясындағы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 млрд доллардан астам инвестиция тартылып, шамамен 1500 уақытша және 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағаттан астам «жасыл» электр энергиясы өндіріледі, ал көмірқышқыл газының шығарындылары едәуір қысқарады. Сонымен қатар, жобалар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына және заманауи технологиялардың келуіне серпін береді, деп атап өтті мәжілісмен.
Мәжіліс депутаттары заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.