Қағазда бар да қорада жоқ - шаруалар бір ірі қараның құжатымен 808 млн теңге субсидия алған
Үкімет МӘМС, жекеменшік мектептерден кейін агроөнеркәсіптің қаржысына аудит жүргізген
Қазақстандағы шаруаларды субсидиялау бағдарламаларында 5,5 млрд теңге ақша көлеңкелі схемаларға кеткен. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алған шаруалар 808,1 млн теңге қаражатты ірі қараның бір түрі үшін жалған құжатпен иемденіп алған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің аудитінен кейін бүгін премьер-министр бірнеше министрді жинап, агроөнеркәсіп кешеніндегі қаржының аудитін тыңдады.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, агроөнеркәсіп кешенін 2023-2024 жылдардағы қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижелеріне сәйкес, анықталған заң бұзу фактілерінің жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңге. Оның ішінде бюджеттің тікелей шығыны - 32 млрд теңге. Тек 2 жылдың ішінде АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларына шамамен 1,2 трлн теңге бөлінген.
Қаржы министрі Мәди Такиев қомақты қаражаттың күтілетін экономикалық нәтиже мен халыққа пайда әкелмей игеріліп жатқанын атап өтті.
«Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар заң бұзушылық анықталды. Мәселен, шаруаларды субсидиялауда 5,5 млрд теңге сомасына көлеңкелі схемалар белгілі болды. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алушылар арасында 808,1 млн теңгеге бір ірі қара малды жалған сату жағдайлары тіркелді», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұдан өзге, Мәди Тәкиевтің айтуынша, бұдан өзге бұрын да банк алдында ірі сомада қарызы бар 25 тұлғаға 177,7 млн теңне субсидия берілген. Осыларды естігеннен кейін премьер-министр агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар тапсырма берген:
- Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу;
- субсидиялау жүйелерін қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнім көлеміне бағдарлай отырып қайта қарау;
- мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалғанға дейін субсидияланған малды сатуға жол бермейтін форматтық-логикалық бақылау тетігін қолдану;
- мемлекеттік кредиттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама жүргізу.