Қазақстан мен Түркияда Жошы хан туралы сериал түсіріледі

2024 жылы Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толады

Қазақстан мен Түркияда Жошы хан туралы сериал түсіріледі
Фото: «Dara» президенттік бастамалар қоры

Биыл күзде Жошы хан туралы деректі-драмалық телехикаяның түсірілімі басталады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Dara» президенттік бастамалар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның өміріне арналған ағылшын тіліндегі гибридті деректі-драмалық телехикая алты сериядан тұрады. Туынды «Karga Seven Pictures» киностудиясымен бірлесе түсіріледі.

«Жошы ханның өмір тарихы керемет эпикалық, ол дүние жүзіндегі көрермендерді қызықтырары сөзсіз. Осы ауқымды тарихи жобаны жүзеге асыруда «Dara» қорымен бірлесіп, жұмыс жасау біз үшін үлкен мәртебе», - дейді «Karga Seven Pictures» креативті директоры Эмре Шахин.

Түсірілім 2024 жылы күзде Қазақстан мен Түркияда басталады деп жоспарланып отыр.

Айта кетері, биыл Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толады.

«Осы атаулы күнге арналған тарихи деректі жоба мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тамырын көрсетеді. Жаппай аудиторияға арналған деректі-драма ұлттық тарихты кеңінен насихаттауға, қазақ халқының ұлы тарихын тануға, халықаралық аудиторияның Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді», - деп атап өтті қор.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.