Әлемдегі ең ұзын шөп пен ең жалқау аю: Чанчжоу қаласындағы бамбук әлеміне саяхат
Чанчжоу Цзянсу провинциясында орналасқан
Қытайға деген туристердің қызығушылығын арттыра түсетін орынның бірі - Бамбук әлемі саябағы (Bamboo World). Ол Чанчжоу қаласындағы Сиху көлінің жанында орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бамбук қытай мәдениетінде ерекше маңызды орын алады. Қытайлықтар оны ұзақ өмір сүрудің, денсаулықтың, ақыл мен парасаттың, төзімділік пен сұлулықтың символы деп санайды. Бұл мәңгі жасыл боп өсетін ағаш түрі ауа райын талғамайды. Бамбук өте икемді және оның діңін сындыру мүмкін емес.
Рухани маңыздылығынан басқа, бамбук тұрмыстық салада да пайдалы. Негізінен жергілікті халық одан қағаз, жиһаз, интерьер заттары мен әшекейлер, үрмелі музыкалық аспаптар жасайды. Алғашқы сантехника мен суару жүйесі бамбук діңдерінен жасалған, өйткені олардың іші қуыс және өте берік. Бамбук шырыны медицинада қақырық түсіретін және қабынуға қарсы ем ретінде қолданылады.
Ашық жерлерде өсетін Бамбуктың биіктігі 35 метрден асады. Бамбук дәнді дақылдар және шөп тұқымдасына жатады. Бамбук өте тез өседі, өйткені оның тамыры өте мықты, тіпті жер сілкінісі де оны құлата алмайды.
Саябақта бамбукты ең көп тұтынатын пандалар бар. Олар күнделікті 30 келі бамбук жейді екен. Панда тек Қытайға тиесілі аю. Ғалымдардың зерттеуінше, олар аюлардың ішіндегі ең жалқауы. Сондай-ақ панда дипломатиялық достықтың нышаны. Қытай қарым-қатынастың символы ретінде ынтымақтасқан елдерге панданы жолдайды.