$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.02.2020, 12:56
Мәдениет

«Жұмысты қойдым, мүгедектікке шығамын» - әкемтеатр директоры Сәбит Әбдіxалықов

Артист қызметінен кетуіне түрткі болған жайттар туралы алдағы уақытта айтуға уәде берді

«Жұмысты қойдым, мүгедектікке шығамын» - әкемтеатр директоры Сәбит Әбдіxалықов
Фотоколлаж

Басынан дау арылмаған М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов мүгедектікке шықпақ. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген әртіс лауазымды қызметінен де біржола кететінін мәлімдеді.

Еске салсақ, жуырда ғана театр ұжымы екіге бөлініп, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың алдында қырықпышақ болған еді. Бір тарап директор қызметінен кетсін десе, екінші тарап Сәбит Әбдіхалықовтың театрға тигізген пайдасын тізбектеп, министрден оны орнында қалдыруды талап етті.

Алайда, Әбдіхалықовтың өзі әкемтеатрға бұдан әрі басшылық етпеймін деп ашық айтты. Оның денсаулығы сыр берген көрінеді. Жуырда ғана Оңтүстік Кореяға барып емделіп келген артист мүгедектік рәсімдеп жатыр.

«Мен жұмысты қойдым. Мүгедектікке шығамын. Мүгедектікке шығу үшін өзінің арнайы талаптары бар, комиссия қарайды. Соның шешімін күтіп жатырмын», - деді әлі ресми түрде лауазымды қызметтен кетпеген Сәбит Әбдіхалықов.

Театр директоры осыдан 4 жыл бұрын инфаркт алып, жүрегіне стент салдырыпты. Алайда, жүректің жұмысы толық жақсарып кетпей, әлі күнге дейін мазалайтын көрінеді. Сондықтан, жүрекке артық салмақ түсірмеу үшін министрлікпен арадағы кикілжіңге қатысты кейінірек пікір білдірмекші.

«Жүректің фракциясы 55%-дан төмен болмау керек екен. Ал менкі 45%-ға түсіп кеткен. Емделіп жатырмын. Маған қазір тыныштық керек. Уайымдасам қан қысымым көтеріліп, ем қонбайды. Дәрігерлер тыныштық керек деді. Министрлік қазір мазалап жатқан жоқ. Денсаулықты дұрыстап алайын, сосын бұл мәселе туралы айтамын, бұлай қалдырмаймын», - деді әкемтеатрдың директоры.

Есте болса, актер – театр қызметкері Берік Айтжанов министрмен болған кездесуде өнер ұжымының деңгейінің «плинтусқа» дейін түсіп кетті деп шағымданған болатын. Алайда, С.Әбдіхалықов мұны жабылған жала деп отыр.

«Мен ақталатындай ештеңе бүлдірген жоқпын. Берік Айтжановтың өзі екі айда театрға бір келеді. Спектакльдерді көрмейді. Берік Айтжанов маған емес, Асанәлі Әшімовке тас лақтырып отыр. Өйткені көркемдік кеңестің жетекшісі – Әшімов. Мен олардың сөйлегендерін елеп отырған жоқпын. Олардың маған қарсы пікірлерін, мен туралы жазғандарын да оқымаймын. Олармен айтысып-тартыссам денсаулығымды құртып аламын. Аман болсам бәрін уақыты келгенде айтып үлгерем», - деді Сәбит Әбдіхалықов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары