Былтыр Қазақстан театрларына 3 миллионға жуық көрермен барды
Отандық театр сахналарында жаңадан 343 қойылым ұсынылған
2019 жылы Қазақстанда бас-аяғы 65 театр жұмыс істеген: оның 52-сі мемлекеттік, 13-і жекеменшік театрлар. Ал, 2018 жылы қойылым ұсынған театрлар саны 68 болған. Бұл туралы Ranking.kz хабарлайды.
Өткен жылы 16,6 мың рет спектакль қойылған, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 0,2% төмен. Былтыр отандық театр сахналарында жаңадан 343 қойылым ұсынылған (2018 жылы оның саны 350 болған).
Көрермендер жиі баратын мекемелер – драма театрлар (35), сосын қуыршақ театрлары (12) және жас көрермендерге арналған театрлар (5).
2018 жылы жұмыс істейтін театрлар мен ұсынылатын қойылымдар саны көп болғанымен, былтыр театрға 2,9 млн көрермен барып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,9% жоғары нәтиже көрсетті. Оның ішінде 43,4%-ы жас көрермендер, яғни балалар (1,3 млн).
Ең үлкен театрлар Қазақстанның ең ірі қалаларында орналасқан: Алматы театрларына - 603,7 мың, Нұр-Сұлтан театрларына – 410,6 мың және Шымкент театрларына - 304 мың көрермен барған.