Елорда тұрғындарына Түркияда табылған ең көне ғибадатхана таныстырылды
Көрме Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды
Биыл бауырлас елдер Қазақстанның мен Түркияның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі мен ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрме ұйымдастырады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.
Гөбеклітепе кешені біздің заманымызға дейінгі 8 мың жылдықта пайда болып, адамдардың ғибадат ететін орнына айналған. Бұл құнды ескерткіштер Мальтадағы ғибадатханадан шамамен – 6500 жыл, Англиядағы Стоунхенджден – 7000 жыл және Мысыр пирамидаларынан 7500 жыл бұрын салынған.
Шараның ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және оқушылар қатысты. Шара кезінде қазақ өнерпаздар Гөбеклітепе обелисктері табылған орын Шанлы Урфа аймағының әндерін көпшілікке ұлттық аспаптармен орындап берді.
Түркия қаласының Қазақстандағы елшісінің бірінші орынбасары Ипек Аймуса әлемдегі ең көне ғимараттардың бірі Гөбеклітепенің тарихы жайында айтып берді. Көне ғимарат 2018 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
«Бүгін біз Қазақстанның Ұлттық музейінде «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрменің ашылуына орай жиналып отырмыз. 12 мың жылдық тарихы бар ең көне ғибадат орны Гөбеклітепені таныстыратын фотосурет көрмесіне хош келдіңіздер. Түркияның Шанлыурфа провинциясының Өренджик ауылы маңындағы Гөбеклітепе қазбаларын 1995 жылы неміс археологы, профессор Клаус Шмидт бастаған еді. Қазба жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Гөбеклітепе 2018 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сондай-ақ, 2019 жыл Түркияда Гөбеклітепе жылы болып жарияланған болатын.
Табылған ерекше мұралар неолит дәуіріне тиесілі. Аталмыш ескеркіштер адамзаттың мал шаруашылық пен егіншілікке көшуіне байланысты өте маңызды дәлелдер ұсына отырып, тарихқа өзінің үлесін тигізуде. Стоунхендж пен Мысыр пирамидаларынан 7 жарым мың жыл бұрынғы кезеңді қамтитын Гөбеклітепе орны өркенет тарихы үшін баға жетпес маңызға ие. Көрменің Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай ашылып отырғаны бізді қатты қуантады. Бүгінгі Гөбеклітепе көрмесі тарих және археология саласының әуесқойларын Гөбеклітепеге баруға себеп боларына сенімдімін», - деді Түркия қаласының Қазақстандағы елшісінің бірінші орынбасары.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалды Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа тоқталды.
«Биыл ынтымағы жарасқан Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бүгінде екі ел арасындағы қатынас барлық сала бойынша дамып келеді. Қазақстан Түркия қарым-қатынасы әсіресе мәдени-гуманитарлық сала бойынша табысты даму үстінде. Осындай мейірлі күнге ұйымдастырылып отырған көрменің мақсаты – екі ел арасындағы рухани, мәдени ынтымақтастық байланысты одан әрі нығайтып, Гөбеклітепе ескерткішімен таныстыру.
Бүгінге дейін отырықшы өңірге көшу тек егіншілік пен мал шаруашылығынан кейін пайда болды деп есептеліп келеді. Гөбеклітепе бұны толық жоққа шығарып отыр. Қазба жұмыстары барысында аңшылықпен күн көрген адамдардың Гөбеклітепе сияқты діни орталықтарда бас қосып, отырықшылық тұрмысқа көше бастағаны анықталды.
Қазақстан жерінде де көшпелі қауымның тұрмыс-тіршілігін зерттеуге қатысты қазба жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Көшпенділердің қала тұрғызып, білім-ғылым, мәдениетті дамытқандығын айғақтайтын заттар жеткілікті. Оларды Ұлттық музейдің экспозициялық залдарынан көре аласыздар. Әсіресе, көне түркі өркениеті залында қазақ және түрік халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлер жинақталған», - деді Абай Сатыбалды.
Юнус Эмре институты директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина Гөбеклітепе ғимараты жайында тың деректермен бөлісті. Айтуынша, 12 мың жылдық тарихы бар ғибадатхана әлі күнге дейін толық қазылмаған.
«Көрмеге Гөбеклітепеде табылған 30 сурет қойылды. Суреттерде неолит дәуіріне жататын жабайы жануар және өсімдік түрлері бейнеленген. Аталған ғибадатханадан салмағы 40 тонна, биіктігі 2-6 метр болатын үлкен тастар табылған. Аумағы жағынан да Гөбеклітепе кешені өте үлкен. Ғибадатхана толықтай қазылып біткен жоқ. Кейбір археолог ғалымдардың айтуынша, Гөбеклітепенің толықтай ашылып, ғимараттың нақты бағасын алу үшін 60-150 жыл керек. Ал, аумағы 12 футбол алаңымен тең болады. Қазба жұмыстары кезінде бұл жерде адамдар мекендеген ешқандай баспана табылмаған. Адамдар Гөбеклітепеге тек ғибадат ету үшін ғана пайдаланып келген. Гөбеклітепе кешені музей ретінде 2019 жылы ашылды. Ашылған уақыттан бүгінге дейін бірнеше миллион адамды қабылдады. Аталған көрмеге келген қонақтардың, құрметті азаматтардың барлығына алғыс айтамыз», - деді Алмагүл Исина.
Айта кетейік, 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан өзінің егемендігін жариялаған кезде ең бірінші болып Түркия біздің елдің тәуелсіздігін мойындады.