$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.06.2022, 21:25
Мәдениет

Алматыда Мұхтар Шахановтың мерейтойына арналған рухани кеш өтті

Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынды Еңбек ері төсбелгісімен марапаттаған болатын

Алматыда Мұхтар Шахановтың мерейтойына арналған рухани кеш өтті
Baq.kz

Қазақтың көрнекті ақыны, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов биыл 80 жаста. Қайраткердің мерейтойына орай Алматыда Ұлттық құндылықтар ассоциациясы «Жігерлендіру» атты рухани кеш өткізді.

Айта кету керек, Мұхтар Шаханов КСРО дәуірінен бері қазақ тілінің мәселесін биік мінберлерден көтеріп, халықтың ерекше ықыласына бөленген ақын. Сондай-ақ, ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің саяси өміріне араласып, жастарды ұлтжанды болуға үгіттеп келген. Оның осынау еңбегі тек биыл ескеріліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шахановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын берді.

Ал, ақынның бүгінгі кеші форум форматында өтті. Ол үш бөліктен тұрды: «Шаханов және қазақ әдебиеті», «Ұлттық идеология» мен «Мәдениет». Жиынға қатысқан әдебиет, мәдениет және қоғам қайраткерлері қазіргі әдебиет пен мәдениет саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шешудің жолдарын ұсынды.

Ақын, профессор Бауыржан Жақып бұл жиын ақын мерейтойының бастауы екенін айта келе, алдағы уақытта Жазушылар одағында ауқымда шара өтетінін жеткізді. Сонымен қатар сөз арасында ақын Мұхтар Шахановтың түрік әлеміндегі керемет беделіне куә болғанын айтып берді.

«Бұған дейін Мұхаң өлеңдерім дүниежүзінің 68 тіліне аударылды деп айтатын, қазір одан да көп болуы керек. Түркияда Шыңғыс Айтматов ағамыздың шығармасына арналған үлкен фестиваль болды. Сонда түрік жұртшылығының Мұхтар Шахановтың поезиясына деген үлкен қызушылығына куә болдым. Жер-жерден түркі халықтарының өкілдері жиналды. Сол жиында Шыңғыс пен Мұхтар ағамыз қолтықтасып, Ататүріктің ескерткішіне гүл қоюға бара жатқан кезде түріктер көшенің бойында тұрып, үйінің балконына шығып тұрып қол соғып, құрмет көрсетіп тұрды. Бірі қырғыздың, бірі қазақтың атын әлемге танытқан екі алып», - деді Б.Жақып.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман ақын Мұхтар Шаханов ұлттық құндылық пен ана тіліміз үшін шырылдап жүрген жан екенін атап өтті.

«Бүгінгі жиынның атының өзі ерекше, «жігерлендіру» дегеніміздің өзі Мұхаңның тұла бойында тұнып тұр. Ұлтына деген, жеріне деген жылылық, сүйіспеншілік бар. Мұхаңның бойындағыдай қайсарлық, білгірлік, ата-салт, даналық барлық қазақта болғанда, онда бұл Қазақстан бүгін Қазақ елі болып елді өзіне қарай ертіп кеткен болар еді»,-деді ол.

Айта кету керек, Мұхтар Шаханов ұзақ жылдан бері жүрек ауруынан емделіп келеді. Жақын күндері ол Түркияға барып, емін жалғастыратынын айтты.

Серіктес жаңалықтары