Елімізде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады
Дәурен Абаев бірлестіктің «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан ашылатынын мәлімдеді
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook-парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес.
Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес», - деп атап өтті Дәурен Абаев.
Ол бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылғанын, қазірде ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрылатынын айтты.
Сондай-ақ жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жоба көрерменге ұсынылмақ.
«Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін», - деп сөзін түйіндеді министр.