ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 820 адам коронавирус жұқтырған

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Израильде жүлде алды

Отандық режиссерлер түсірген анимациялық туынды бұған дейін Ресей мен Германияда өткен халықаралық фестивальдерде де топ жарған еді

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі (режиссерлері - Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы) Израильде өткен Near Nazareth Festival кинофестивалінде «Үздік анимациялық фильм» жүлдесіне ие болды.

Жыл сайын өтетін Near Nazareth Festival кинофестивалі елдер арасында достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен режиссерлерді өз алаңына шақырады. Бұл байқауға түрлі жанрдағы фильмдер қатыса алады. Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде барлық қатысушыларға арналған кино нарығы (онлайн) өткізіледі.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы жайында баяндайды. 

«Нұр-Сұлтан қаласында «Әмен» анимациялық фильмдердің республикалық фестивалі өтіп жатыр. Бұл жүлдені осы фестиваль кезінде алып жатқанымызға қуаныштымыз. Қазақ анимациясы нық сеніммен алға қадам басып, халықаралық деңгейде танылып жатыр», - деді «Анимациялық кино» бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Мұзбалақ» фильмі Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен  марапатталған. Сонымен қатар, анимациялық туынды Ресейде өткен XVII халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатысты. Одан бөлек, бұл фильм Ресейде өткен 14 халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдеге қол жеткізді.

Осы жылы қазан айында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде отандық мультфильм Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды.