ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Димаш Құдайберген: Болашақта «Грэмми» алсам деп армандаймын

Димаш Құдайберген бала күнгі арманының орындалғанын, ендігі арманы «Грэмми» сыйлығын алу екенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Димаштың концерті кезінде Бейонсе, Мадонна, Рианна сынды жұлдыздар өнер көрсеткен әйгілі «Барклайс-центр» алаңында өтті. Ұлттық брендімізге айналған әншіміз қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде әндер шырқады. Бұл белестің отандасымыз үшін жөні бөлек, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұл концерт менің бала кезгі арманымның орындалғаны. Бала кезден бері осы Америкада үлкен стадионда қазақ әндерін айтып, қазақтың күйін күмбірлетуды армандадым. Осы күнге дейін жүрегімде әуелеп келді. Қазір одан әрі тырысып, болашақта «Грэмми» алсам деп армандаймын», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген.

Ал Димаштың әкесі Қанат Айтбаев әртүрлі ұлт өкілдері «Дайдидау», «Елім менің» әндерін қосылып шырқағанын айтты.

«60 мемлекеттен келген әртүрлі ұлттың өкілдері біздің елдің туын ұстап, біздің еліміздің жалауын көтеріп, біздің елге үлкен құрмет жасады. Сол бізді тебірентті. «Дайдидау», «Елім менің» секілді әндерді қосылып шырқады. Яғни, рухымызға рух қосты. Шабытымызға шабыт қосты», дейді Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев.