Мемхатшымен кездеседі, министрден награда алады, үйіне барады – Димаштың бүгінгі жоспары
Нью-Йоркте концерт берген Димаш Құдайбергенов бүгін Нұр-Сұлтан қаласына келді
Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Barclays Center сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі Димаш Құдайберген Қазақстанға оралды. Оны Нұр-Сұлтан әуежайынан 100-ге жуық жанкүйерлері арнайы сыйлықтарымен, гүл шоқтарымен құшақ жая қарсы алды. Алайда, Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне аз ғана бөгеліп, бірнешеуіне қолтаңба қалдырды. Ешкіммен сөйлеспей, тіпті журналистердің сұрақтарына да жауап бермеді. Димаштың үлкен концерт өткізіп, жолдан шаршағанын артынан әкесі Қанат Айтбаев түсіндірді.
«Кез келген концерт эмоционалдық, физикалық күшті талап етеді. Оның үстіне ол жақта күн болса, бізде түн болады немесе керісінше. Адамның организмінің қалыптасуы үшін де уақыт керек. Бара салып концерт бердік. Әрине, шаршау болды. Бірақ концерттен кейінгі қуаныш соның бәрін басып кетті», - деді Димаштың әкесі.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаш Құдайбергенге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілгенін енді ғана естіпті.
«Мемлекеттік награда туралы келген бойда естідік. Үлкен қуанышпен қарсы алдық. Үйге барғаннан кейін ата-анамызбен бөлісеміз. Әлемнің ең үлкен сахнасы саналатын Нью-Йорктегі әйгілі Barclays Center-де қазақ өнерінің салтанат құрған күні болды. 60 мемлекеттен фанаттар келді. Бәрі Қазақстанның жалауымен келіпті... Бұл бір баланың ғана емес, қазақ халқының мерейі", - деді Қ.Айтбаев.
Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі бүгін министр Ақтоты Райымқұлованың Д.Құдайбергенге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері мемлекеттік наградасын салтанатты түрде табыстайтынын хабарлады. Одан бөлек, әнші мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан