Нью-Йорктен Нұр-Сұлтанға: Димаш Құдайберген ертең елордаға ұшып келеді
Ертең елордалықтар әйгілі Barclays Center сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісін қарсы алады

Танымал әнші Димаш Құдайберген ертең Нью-Йорктен Нұр-Сұлтанға ұшып келеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Димаш Құдайберген мінетін ұшақ ертең сағат 16.00 шамасында Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қонады.
«10 желтоқсанда (елорда уақытымен 11 желтоқсан таңертең) Нью-Йорктегі Barclays Center-де ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Димаш Құдайбергеннің Arnau Tour Envoy концерті өтті. Нью-Йорктегі Barclays Center Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен танымал сахна екенін айта кетейік. Димаш Құдайберген аталған кешенде ән кешін өткізген алғашқы қазақстандық әнші», - делінген хабарламада.