Әбіш Кекілбаев атындағы музейде мемлекеттік мекеме кеңсесі жұмыс істеуде
Басқармадағылар бұл мәселеге қатысты пікір білдірді
Ақтауда Әбіш Кекілбаев атындағы музейдің ғимаратына облыстық мәдениет басқармасы көшіп алған. Бұл туралы журналист, ақын Бақтыбай Жайлау әлеуметтік желіде жазды.
«Халық қуана күткен музей ғимаратын облыстық Мәдениет басқармасының басшылығы кеңсеге айналдырып алғанын Президент пен Елбасы біле ме екен?», - деп жазды ол.
Белгілі болғандай, бұған дейін мемлекеттік мекеменің бекітілген кеңсесі болмаған екен. Мұндай деректі Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
2019 жылдың қазанында Ақтау қаласында қазақтың белгілі қаламгері Әбіш Кекілбаевтың құрметіне орай жаңа музей бой көтерді. Аталған ғимарат Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылды. Нысанның ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қатысты. Алайда қазір орталықтың ішінде Әбіш Кекілбаевқа арналған көрме залдарынан бөлек, мемлекеттік мекеменің кеңсесі де жұмыс істеп тұр. Бір қызығы облыстық мәдениет басқармасы бұл жерге әу баста-ақ көшіп келуді жоспарлаған екен.
«2018 жылы «Маңғыстау облысы Ақтау қаласының 19 А шағынауданынан «Мәдени орталық» салу жұмыс жобасы бекітілді. 2019 жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» әлеуметтік инфрақұрылымының демеушілігі есебінен орталықтың құрылысы басталды. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Музей және Мәдениет басқармасы толық көшіп орналасты. 1974 жылы облыс ашылғанда құрылған мәдениет басқармасының нормаға сәйкес ғимараты болмаған. Кезінде ел азаматтары бұл мәселені талай рет көтерген еді. Осы жағдайларды ескере келе, орталық жобасына басқарманың жаңа ғимараты енген болатын. 2020 жылдың мамыр айында басқарма жобаға сай салынған жапсарлас (с отдельным выходом) жаңа ғимаратқа орналасты», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының жаңа ғимаратын осы орталық аумағына ораластыру жоспарланып отыр.