«Менің атым Қожа» кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылады
Ескерткіш орнатуға елорда әкімдігі тарапынан қаржы мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды
«Менің атым Қожа» кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Б.Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ана тілі» басылымына сілтеме жасап.
«Ана тілі» газетінің өткен жылғы №50 (1570) 10-23 желтоқсанындағы санында белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда негізінен жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы арқау болған. Автор шығарманы тілге тиек ете отырып, бүгінгі балалар бойынан кітап кейіпкері Қожаға тән адалдықты, қайрат-жігерді, қайырымдылық пен қамқоршыл қасиеттерді көргісі келетінін әңгімелеген. Сондай-ақ мақалада өркениетті елдердегідей кішкентай Қожаға символдық образ тұрғысында ескерткіш орнату жайы да қозғалған еді.
Осыған орай мақала авторының атына жолдаған хатында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Б.Уәли былай дейді:
«Құрметті Жанболат Әлиханұлы!
Сіздің «Ана тілі» газетіне 10.12.2020 ж. (№50) жарияланған «Балалық бейнеміздің белгісі» деп аталған мақалаңыздың негізінде ҚР Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысына қызметтік хат жазған еді. Онда Сіз көтеріп отырған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш орнату туралы мәселемен қоса, қазақ балалар әдебиетін дамыту, балалар жазушыларын ынталандыру, оларға мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсету мәселелерін де қоса жазған едік.
Сіздің мақалаңызда көтерілген мәселені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап, Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арқылы Үкіметке және салалық министрліктер мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тапсырма берген болатын.
Жуырда вице-премьер Ералы Тоғжановтан аталған хатта көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауап келді.
Хатта: «...Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкерлеріне елордада ескерткіш орнатуға 2021 жылғы жергілікті бюджеттен немесе демеушілердің есебінен қаржы қарастыру мәселесін пысықтауда» деп жазылған.
Сонымен қатар балалар жазушыларына қолдау көрсету мақсатымен 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралардың жобасы әзірленіпті.
Яғни Сіздің қазақ баспасөзі арқылы көтеріп отырған мәселеңіз Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріліп, нақты шешімдер қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Сіздің ұлттық құндылықтар, жадыда көмескіленіп бара жатқан жәдігерлерді жаңғырту, көненің көзіндей естеліктерді қайта еске салу бағытындағы ерен еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Жоғарыдағы мақалада көтерген мәселе де қазақ оқырманының санасын қайта жаңғыртып, балалар әдебиетін насихаттауға үлкен үлес қосатынына сенімдімін.
Сіздің қажырлы еңбегіңізге мол табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға береке тілеймін!»