$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.04.2021, 17:30
Мәдениет

Сегіз серінің зираты табылды: СҚО өлкетанушылары болжамды растады

Биыл тарихи тұлғаның басына мазар орнатылмақ

Сегіз серінің зираты табылды: СҚО өлкетанушылары болжамды растады
фотосурет: Дос көлінің жағалауы

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тимирязев ауданында ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі ақын, сазгер Сегіз серінің зираты табылды. Биыл тарихи тұлғаның басына мазар орнатылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖАТҚАН ЖЕРІН РАСТАЙТЫН ДӘЛЕЛ БАР

Сегіз серінің өмірбаяны жайлы мәлімет жетерлік. Бірақ, осы күнге дейін оның қайда жерленгені белгісіз болып келді. 2019 жылы облыстық «Асыл мұра» орталығының қызметкері Ахметжан Қуантаев зерттеу жүргізіп, Сегіз серінің жайлауы болған Тимирязев ауданы, Докучаев аулының маңындағы Дос көлінің жағалауынан бірнеше зиратты табады. Өлкетанушы тарихи тұлғаның зиратының анықталғанын дәлелдейтін бірнеше мәлімет келтірді. 

«Сегіз серінің жатқан жерін өзімен бірге өмір сүрген замандастары куәландырған. Ақындардың жазған жырлары бар. Сегіз сері дүние салғанда 50 шақты ақын жоқтау шығарған. Олар өлеңінде марқұмның Дос көлінің жағасында жерлені айтылған жолдар бар. Кейін Сегіз серінің оқушысы, қостанайлық ақын Нұржан Наушабаев әдейі келіп, екі ай Сегіз серінің ауылында болып, балаларымен, бәйбішесімен кездесіп, сонда жыр жазған. Онда «Дос көлінің жағасында болдым, қойылған тасты көрдім» деген жолдар кездеседі», - дейді өлкетанушы.

Зерттеушінің айтуынша, шамамен ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында зиратқа қойылған тас жоғалып кеткен.

«Көрші елдің тұрғындары, көшіп келген қара шекпенділер тасын бұзып әкетті деп айтып жүрген. 2018 жылы Сегіз серінің 200 жылдығын тойлап жатқан кезде, неліктен бізге оның жатқан жерін таппасқа деген ой келді. Әдебиеттен білеміз - оның Дос көлінің жағасына жерленгені. Бірінші мақсатым сол зиратты табу болды. Жатқан қабірін білмесек те, осы жерде Сегіз сері жерленген деген бір ескерткіш қоюды өзіме парыз санадым», - дейді Ахметжан Қуантаев.

ТАРИХШЫЛАР БОЛЖАМДЫ РАСТАДЫ

Өлкентанушы Сегіз серінің жиендерінен туған Батыр деген жігітті ертіп алып, Тимирязев ауданына жол тартады. Екі жыл бойы Сегіз сері жайында білетін, жатқан жерін көрсете алатын адамдарды іздеумен болған.

«20 шақты адамды таптым. Олар бұрын сол маңдағы Докучаево елдімекендегі шаруашылықтарды басқарған, агроном, зоотехник болған. Малшыларымен сөйлесіп, аңшыларды іздедім. Өйткені, олар сол жерді жақсы біледі. Солардың сөзінен көлдің шығыс жағынан ескі қорымды таптым. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Сегіз серінің Нұрмұханбет деген немересі болған. Соны көрген екі әжемен кездестім. Олар ол кезде жас келіншек екен. Біраз нәрсе естерінде қалыпты. «Рысбике анамыз атамның дәл қасына жерленген» деп жаңағы Нұрмұханбет (лақап аты - Қырықай) айтып отырады екен», - дейді музей қызметкері.

2020 жылы Ахметжан Қуантаев ол жерді зерттеуге аттанады. Дрон ұшырып, ол жерде басқа ескі қорымның жоқтығына көз жеткізеді.

«Қазақ зираттарының өз тәртібі бар. Беделді адамды жерлегенде басын биік етіп көтереді. Зиратта сондай екі-үшеуі болды. Ал екі оба бір-біріне түйісіп, бірге қосылып кеткен. Бізбен бірге танымал археолог Анатолий Плешаков барған еді. Ол да зираттың көне екенін және белгілі тұлғаның жерленгенін айтып, біздің болжамымызды растады», - дейді өлкетанушы.

Қазір моланы зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы аталған орынды қорғауға алған. Енді, биыл жаз маусымында мазар орнатылмақ.

СЕГІЗ ЖАСЫНДА КИІК АТҚАН

Сегіз сері, азан шақырылып қойылған аты – Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов. Арғы атасы Қожаберген – ақын, әнші, әрі батыр болған. Қалмақтармен шайқаста қол бастап, көзге түскен. «Ақтабан шұбырынды» заманының ұлы ескерткіші – «Елім-ай» дастанының авторы. Өз әкесі Баһрам батырлығымен қоса білімді, діндар болған. Ашамайлы Керей руынан шыққан. Баласын жастайынан мұсылманша өзі оқытып, мылтық атуға, садақ тартуға, найза шаншуға, қылыш шабуға, ат өнеріне, балуандықтың айла-тәсілдеріне баулыған.

Кейін талапты жігіт қамшы өруден бастап, киіз үйдің шаңырақ, керегесін, аттың ер-тұрманын, өмілдірік-тартпасын, жүгеніне дейін өзі жасайтын шеберге айналған. Ағаларына ілесіп аңға барып жүргенде сегіз жастағы Мұхамедқанапия оқтап берген мылтықпен киікті атып түсіріпті. Осы оқиғадан кейін жеңгелері оған «Сегіз» деп ат қойған. Он үш жасынан домбыра тартып ән айтатыны, есейе келе бүркіт, қаршыға баптап, жүйрік ат ұстайтыны байқалған соң «сері» деген ат қосылған.

«Қашқын келбеті», «Ер Исатай», «Жорық», «Қашқын келбеті», «Өкініш», «Ақылсыз шаһзада», «Ақбүлақ», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы-Көрпеш -  Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Гаухартас»  шығармаларының авторы. 

Тарихи тұлғаның ғұмыры қысқа болды, Сегіз сері небәрі 36 жасында көз жұмған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары