$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.12.2019, 04:33
Мәдениет

Елордада Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы өтті

Тоқсанның төріне шыққан ел анасы жиналған қауымға ақ батасын берді

Елордада Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы өтті

«Астана Опера» сахнасында Социалистік Еңбек ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің «Гәкку» әнін той иесінің өзі орындап сахна төріне көтерілгенде көрермен қауым қазақ өнерінің аңыз тұлғасына ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсетті.

«Қазақтың бұлбұлы» атанған Бибігүл Төлегенованың шығармашылық кешін ашқан еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова той иесіне ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар, ол ҚР Парламенті сенатының төрағасы  Дариға Назарбаеваның да жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шығармашылық кеште Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың биылғы Гран-при иегері, италиялық әнші Козимо Оресте ұлы Абайдың өлеңіне жазылған Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романсын қазақ тілінде нақышына келтіре орындады.  

«Қазақтың әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегенованың торқалы тойында шәкірттері мен «Астана Операның» солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыргөзов, Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Болат Есімханов, Гүлдана Алдадосова т.б. тамаша өнер көрсетті. Олар А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев, Дж.Верди, П.Чайковский, Ж.Массне сынды қазақ және әлемдік опера жауһарларының туындыларын, арияларын, халық әндерін, романстар мен оркестрлік шығармаларды жоғары талғаммен орындап, көрермендерге руһани қуаныш сыйлады», - делінген хабарламада.

Ал балет өнерінің майталмандары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина, Әнел Рүстемова, Тайыр Ғатауов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Назир Заетов, Бостан Қожабеков, Сұлтанбек Ғұмар «Замана тынысы», «Корсар», «Баядерка» және т.б. хореографиялық шығармалары арқылы қазақ би өнерінің биік деңгейін танытты.

Кеш соңына қарай мерейтой иесі құлақтан кіріп, бойды алған әуезді әнге елітіп, көңіл құсы шартарапты кезген талғампаз көрермендеріне зор ілтипатпен Ғабдолла Тоқайдың өлеңіне жазылған татардың халық әні «Тафтиляуды» орындады.

Тоқсанның төріне шыққан ел анасы жиналған қауымға ақ батасын берді.

Серіктес жаңалықтары