Атыраулық жас әртістер Испанияда бас жүлдені иеленді
Атырау жастар театры Theatrical Talents халықаралық фестивалінде бас жүлдені иеленді
Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен Theatrical Talents халықаралық фестивалінде Атырау жастар театры бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
«Оннан астам елдің өнерпаздары жиналған байқауда Атырау жастар театры Мұқанғали Томановтың «Затмение» антидрамасын сахналады. Театр мамандарын айтпағанда, әлемнің әр елінен келген кәсіби музыканттар мен хореографтар, продюсерлер мен суретшілер бағалаған байқау барынша әділ өтті деген сенімдемін», – дейді театр басшысы Әміржан Нұрланұлы.
Айта кетерлігі, Еуропадағы Фиесталония Миленио - шығармашылық топтар үшін халықаралық фестивальдер мен байқаулар ұйымдастыруда көшбасшы саналады.
Аталмыш фестивальде әділқазылар төрағасы Марти Перафефер атыраулық жас таланттарды «FITAG-2020» фестивалінде бағын сынауға шақырса, «Фиесталония Миленио» ұйымының президенті Давид Джапаридзе – Италия, Франция, Грузия елінде өтетін фестивальдерге қатысуға ұсыныс білдірген.