Алматылық коллекционердің үйі көне жәдігерлер музейіне айналған
Әзірге оның құнды жинағын достары мен туыстары ғана тамашалап жүр
Алматы тұрғыны үйін нағыз музейге айналдырған. Сәуле Кобжановада 500-ден астам көне зат бар. Самаурындар, сағаттар, қуыршақтар, кілемдер және 19-ғасырда сән болған, сирек кездесетін бұйымдар да көздің жауын алады, деп жазады 24.kz сайты.
Сәуле Кобжанованың табалдырығынан аттай сала 19-шы ғасырға енгендей боласыз. Бұл заттар өткен дәуірдің тыныс-тіршілігін көз алдыңызға әкеледі. Әсіресе самаурындардың шежіресі ерекше. Шағын музейдің тарихы Сәуле Кобжанованың әжесінің самаурынан басталған. 30 жылда мұндағы самаурындардың саны 100-ге жетіпті. Олардың түрлері көп. Мәселен, шам пішіндес, асқабақ, құмыраға ұқсайтындары бар.
«Мұны 19-ғасырда қазақтың шеберлері жасаған. Мыстан жасалған самаурын өте жақсы сақталған. Барлық бөліктері бар. Міне, мында тамызық салады. Қақпағын ашып, су құяды. Ішіндегі қақтарға қарап, самаурынның қолданыста болғанын байқауға болады. Бұл самаурын-құмғанды суретші Қастеевтің қазақтың тұрмысы туралы туындыларынан көруге болады», - дейді қала тұрғыны Сәуле Кобжанова.
Музейдің көп бөлігін сағаттар алып тұр. Жәдігерлерді түрлендіру де көп еңбекті талап етеді. Сәуле Кобжанова, әлемді шарлап, 100-ден аса ерекше сағаттарды жинаған. Ең бастысы, олардың бәрі жұмыс істеп тұр. Мәселен, мына үстел сағаты 19 ғасырдағы француз шеберлерінің еңбегі. Салмағы 25 келі, қара мәрмәр тас пен қоладан жасалған. Ол сондай-ақ тарихи кітаптарға да ерекше мән береді екен. Қазақстан жерінде болған оқиғалардан сыр шертетін кітаптарды Еуропаның сирек кездесетін заттар сататын дүкендерінен алған.
«8 томдық шығарма - атақты саяхатшы Бреянның жинағы. Бұл кітаптар жайлы ғылыми құжаттама да бар. Саяхатшы біздің өлкеге 1829 жылы келіпті. Демек, бұл кітапта 200 жыл бұрынғы деректер бар. Тіпті, карта да бар. Міне Ресей, Татарстан мен қырғыз елі көрсетілген», - дейді Сәуле Кобжанова.
Жәдігерлердің қатарында қазақтың қолдан тоқылған кілемдері де бар. Маңдай термен жасалған соң оның қадірі ерекше. Сәуленің арманы - музей ашу. Ал әзірге оның құнды жинағын достары мен туыстары ғана тамашалап жүр.