$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2020, 19:06
Мәдениет

«$300 млн – киноға, 6,3 млн теңге – жалақы»: Абдолла Қарсақбаевтың келіні «Қазақфильмнің» мәлімдемесіне жауап берді

Ол киностудия өкілдерін ақшаны дұрыс есептей алмайды деп айыптады

«$300 млн – киноға, 6,3 млн теңге – жалақы»: Абдолла Қарсақбаевтың келіні «Қазақфильмнің» мәлімдемесіне жауап берді

Кинематографист Майра Қарсақбаева бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, КСРО кезінде түсірілген қазақ фильмдері Ресейдің кино қорында сақтаулы жатқанын, олардың цифрлық көшірмесін елімізге алдыру керек екенін айтқан болатын. Абдолла Қарсақбаевтың келіні сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан кемі 300 миллион долларға фильм түсіргенін, алайда, олардың 70 пайызы халықтың есінде де қалмағанын мәлімдеді. Артынша «Қазақфильм» басшылығы бұл мәселеге қатысты жауап берген.

Киноорталық басшылары фильм түсіруге барлығы 300 млн доллар емес, одан үш есе аз жұмсалғанын айтты.

«2008-2019 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясы жалпы сомасы 103 185 000 долларды құрайтын (шамамен 44 060 019 217 теңгеге) 400 фильмді жарыққа шығарды. Өкінішке қарай, 1991-2007 жылдар аралығында түсірілген фильмдерді (48 көркем (4 дебюттік), 13 қысқаметражды, 111 деректі фильм мен 24 мультфильм) қаржыландыру бойынша ақпарат киностудия мұрағатында сақталмаған. 90-шы жылдары жыл сайын 3 фильм түсірілгені белгілі. Негізінен, бұл «жаңа толқын» өкілдерінің туындылары еді. Сондықтан да, тәуелсіздік жылдары ұлттық фильмдерді жасауға мемлекеттен шамамен, 300 млн доллар бөлінгені туралы хабарлама фактілермен расталмаған, демек, шындыққа сәйкес келмейді», - делінген киностудияның хатында.

Ал Ресейдің кино қорында жатқан қазақ фильмдерінің 80 пайызының көшірмесі «Қазақфильм» киностудиясында сақтаулы екен. Яғни, оларды цифрлау үшін Ресейге ақша төлемей, өзімізде жасай беруге болады.

«Ресейдің Мемлекеттік қорында сақталған сол жылдары түсірілген фильмдердің 80% контротипы (түпнұсқа таспаның көшірмесі) «Қазақфильм» киностудиясында сақталған. Киностудия мамандарының айтуы бойынша сол контротиптер арқылы аталған фильмдердің жоғары сапалы көшірмесін жасап, қайта қалпына келтіруге болады», - деп жазылған «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Дегенмен, Майра Қарсақбаеваның айтар өз уәжі бар. Ол киностудия өкілдерін ақшаны дұрыс есептей алмайды деп айыптап отыр. Яғни, кино түсіруге жұмсалған ақшаны долларға шаққанда бүгінгі күннің валюта бағамымен есептеуі ақылға еш қонбайды дейді ол.

«Шамамен, 44 060 019 217 теңге... Мына цифрды бүгінгі күннің доллар курсы 427 теңгеге бөле салып, 103 185 000 доллар етіп шығару ақымақтық деп ойлаймын. 2008 жылы бізде доллар курсы 427 теңге болды ма? Неге сол кездің курсымен есептемейді? Мәселен, «Көшпенділер» 38 миллион долларға түсірілді. Үлкен көлемді бюджетті он шақты фильм: «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Біржан сал», Елбасы жайлы бірнеше фильм және т.б., әрбірінің бюджеті 15-тен 20 миллион долларға дейін жетеді. Мұның бәрі шамамен, 200 миллион доллардай болады. Бұлардан басқа, тағы 350 фильм түсірсе, сол 300 миллион доллардан асып түспей ме?! Бұл цифраларды маған «Невафильм» компаниясы берді, олар қазақ киносы жайлы зерттеу жасаған», - дейді Майра Қарсақбаева.

Ол қазақ киноларының кейбірінің көшірмесін «Қазақфильмнің» архивінен таба алмағанын айтады.

«Мен былтыр «Менің атым Қожа» фильміне дубляж жасағанда оның түпнұсқасын немесе түпнұсқасының көшірмесін сұрадым. Маған олар жоқ, Мәскеуде сақтаулы деп жауап берді. Тіпті, мен өзім бар архивті іздеп қарадым, бірақ таба алмадым. Қалай жоқ нәрсенің жоғары сапалы көшірмесін жасап, қайта қалпына келтіруге болады?» - деп таңданысын білдірді Майра Қарсақбаева.

Кинематографист Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан құрылған Қазақстанның ұлттық кинокомиссиясы туралы айтып өтті. М. Қарсақбаеваның сөзінше, аталған комиссияны құру мәселесімен ол 2013 жылдан бері айналысыпты. 2015 жылы Жүргенов атындағы академияда презентациясын да жасапты. Алайда, бұл жұмысты мәдениет саласына жауапты мамандар Ресей маманына тапсырыпты.

«Жай тапсырып қоймаған, 6,3 миллион теңге жалақы беріп отырған. Бұл туралы режиссер Ермек Тұрсынов та жазды. Ал істеген жұмысын айтайын: ол комиссияны АҚШ-та тіркетті. Тіркеу – ақысыз, жұмысқа жұмсалған уақыт – 2 ай. Мен «Қазақфильмді» жамандап, өзіме жарнама жасағым кеп отырған жоқ. Бар мақсатым – Ресейде қалып қойған қазақтың кино жауһарларын елімізге қайтару», - деп сөзін аяқтады Абдолла Қарсақбаевтың келіні.

Серіктес жаңалықтары