АҚШ телеарнасы Димаштың бейнебаянын көрсетеді
Бейнебаянды MTV USA арнасының YouTube-тағы ресми парақшасынан көруге болады

MTV USA телеарнасында Димаш Құдайбергеннің қазақ тілінде шырқаған әнінің бейнебаяны көрсетіледі. Осылайша, Димаш – MTV-да өз тілінде ән шырқаған тұңғыш қазақстандық әнші атанғалы отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Бұл ретте, бейнебаянды MTV USA арнасының YouTube-тағы ресми парақшасынан АҚШ-тан өзге кез келген ел тамашалай алады.
«Менің тыңдармандарыма, әлемнің әр түпкіріндегі өнерімді бағалайтын жанкүйерлеріме шын жүрегіммен алғыс айтамын. Олар менің бала арманымның орындалуына себепкер болды. Қазақстан ғана емес, төрткүл дүниедегі Dear-ларымның қолдауына разымын. Құрметім мен алғысым шексіз», – деп лебізін білдірді әнші.
Бейнебаянның ертең, яғни жұма күні Нью-Йорк уақытымен 17:00 мен 20:00 аралығында, ал Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 03:00 мен таңғы 06:00 аралығында жүктелетіні белгілі болып отыр. Бұл – Америкада жұма күнгі прайм-тайм уақыт. Дәл осы уақытта MTV арнасын ең көп көрермен қарайды.