$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2020, 16:24
Мәдениет

«Қазақфильм» Абдолла Қарсақбаевтың келіні айтқан мәліметтерді жоққа шығарды

Майра Қарсақбаева тәуелсіздік жылдарында елімізде 300 млн долларға фильм түсірілген деп мәлімдеген болатын

«Қазақфильм» Абдолла Қарсақбаевтың келіні айтқан мәліметтерді жоққа шығарды

Кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы мен келіні қазақ киносының жауһарлары Ресейдің кино қорында қалып қойғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын. Тоқтар мен Майра Қарсақбаевтардың айтуынша, Мәскеудегі қорда Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалиндер түсірген фильмдердің түпнұсқалары сақталған. Алайда, Ресей тарапы оны Қазақстанға бермейді, дегенмен цифрлық көшірмесін алуға болады екен, тек 1 миллион доллардай қаражат қажет.

Кинематографист Майра Қарсақбаева осынау қаржыны мәдениет саласының шенділері бөлмей келе жатқанын айтады. Есесіне, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында 300 миллион долларға кино түсірген дейді ол. Ал сол үлкен қаражатқан түсірілген фильмдердің сапасыздығы сонша, оның 70% халықтың есінде емес деді Қарсақбаевтың келіні.

Алайда, бұл пікірмен «Қазақфильм» киностудиясының басшылары келіспейді. Мекеме өкілдері редакцияға хат жолдап, түсірілген фильмдердің саны мен оларға жұмсалған қаражатты есептеп беріпті.

Тәуелсіздік алған жылдардан күні бүгінге дейін (1991 жылдан 2020 жылға дейін) Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 596 кинокартина, оның ішінде 147 толықметражды көркем фильм (6 телевизиялық көркем фильм); 86 қысқаметражды фильм; 287 деректі фильм (оның ішінде 8 деректі сериал); 76 анимациялық фильм (оның ішінде 1 анимациялық сериал, 4 толықметражды анимациялық лента) түсірген.

«2008-2019 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясы жалпы сомасы 103 185 000 долларды құрайтын (шамамен 44 060 019 217 теңгеге) 400 фильмді жарыққа шығарды. Өкінішке қарай, 1991-2007 жылдар аралығында түсірілген фильмдерді (48 көркем (4 дебюттік), 13 қысқаметражды, 111 деректі фильм мен 24 мультфильм) қаржыландыру бойынша ақпарат киностудия мұрағатында сақталмаған. 90-шы жылдары жыл сайын 3 фильм түсірілгені белгілі. Негізінен, бұл «жаңа толқын»  өкілдерінің туындылары еді. Сондықтан да, тәуелсіздік жылдары ұлттық фильмдерді жасауға мемлекеттен шамамен, 300 млн доллар бөлінгені туралы хабарлама фактілермен расталмаған, демек, шындыққа сәйкес келмейді», - делінген киностудияның хатында.

«Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мемлекеттік стратегияға сәйкес имидждік жобалар мен жоғары әлеуметтік маңызы бар, идеологиялық бағыттағы көпжанрлы фильмдер шығарып, жалпы көрермендер тарапынан ұлттық киноға деген қызығушылықтың артуын қамтамасыз етіп келеді» делінген киностудияның баспасөз қызметі берген мәліметтерде.

«Соңғы 30 жылда «Қазақфильм» киностудиясының 200-ден астам картинасы әлемнің 60 елінде 220-дан астам фестиваль мен халықаралық көрсетілімдерге қатысып, 300-ден астам түрлі жүлдені, оның ішінде 51 Гран-при жеңіп алды. Соңғы бірнеше жылда қазақстандық режиссерлердің картиналары Венециядағы, Канн, Сан-Франциско, Брауншвейк, Турин, Париж, Мәскеудегі және әлемнің басқа да қалаларында өтіп тұратын «А» санатындағы ірі халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, жүлделерге ие болды», - делінген аталған хатта.

Оқи отырыңыз: $300 миллионға кино түсірдік, бірақ ол фильмдердің 70% халықтың есінде жоқ – продюсер

Кинематографистер Тоқтар Қарсақбаев пен Майра Қарсақбаеваның ескі туындыларды цинфрландыруға байланысты сұрағына киностудия төмендегідей жауап қатады.

«КСРО-ның кино өндірістік алгоритміне сәйкес, Кеңес Одағы республикаларында түсірілген барлық фильмдердің түпнұсқаларын Мәскеу облысында орналасқан Ресейдің Мемлекеттік фильмдер қорына (мекеменің бүгінгі атауы) өткізуге міндетті болатын (Домодедово қаласы, «Белые Столбы» ауданы). Сондықтан да 1925-1993 жылдар аралығында (Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін) түсірілген қазақстандық фильмдері бар пленкалардың түпнұсқалары (негатив) аталған мекемеде сақтаулы. Бұл қорда сақталған картиналардың ішінде Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Виктор Чугунов және басқа да қазақ киносы классиктерінің шығармалары бар», - делінген хабарламада.

Атап айту керек, Ресейдің Мемлекеттік қорында сақталған сол жылдары түсірілген фильмдердің 80% контротипы (түпнұсқа таспаның көшірмесі) «Қазақфильм» киностудиясында сақталған. Киностудия мамандарының айтуы бойынша сол контротиптер арқылы аталған фильмдердің жоғары сапалы көшірмесін жасап, қайта қалпына келтіруге болады.

Ресейдің Мемлекеттік фильмдер қорындағы қазақ киносының алтын қорына кірген туындылар көшірмелерінің толық тізбесін сатып алу, сондай-ақ пленкалы көшірмелерді сандық форматқа көшіру жұмыстарын жүргізу «Қазақфильм» киностудиясы жаңа басшылығының аса маңызды міндеттерінің бірі екені сөзсіз.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы осы міндетті іске асыруда технологиялық жаңғыртуды таяудағы үш жылға жоспарлаған. Модернизация аясында киностудияны толық техникамен жабдықтау, оның ішінде фильмдерді қалпына келтіру және сандық форматқа көшіру үшін арнайы техниканы сатып алу қарастырылған. Бұл қазақ киносының алтын қорына кірген фильмдердің көшірмелерін жоғары сапада жасауға және оны сақтауға мүмкіндік береді, делінген жауапта.

2020 жылдың басында Қазақстан аумағында ұлттық заңнамада көзделген шарттармен фильмдер түсіруді жүзеге асыру ниетін Қытайдың, Ресейдің, Үндістанның және басқа елдердің жалпы бюджеті 26 млн АҚШ долларын құрайтын 10-ға жуық кинокомпаниясы білдірді. Бұл бағыттағы жұмыс елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты тоқтатылды.

Айта кету керек, 2020 жылдың басында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан Қазақстанның ұлттық кинокомиссиясы құрылған. Аталған комиссияның қызметі халықаралық киноөндірісті тартуға, түсірілім алаңы ретінде елді және оның жекелеген өңірлерін ілгерілетуге, сондай-ақ өңірлік кинокомиссияларды дамыту мен үйлестіруге бағытталған. Биыл ақпан айында Ұлттық кинокомиссия халықаралық кинокомиссиялар қауымдастығына әлемнің 40 елінен 360-тан астам комиссияны біріктіретін дүниежүзілік желіге кірді. AFCI-ге мүше болумен қатар Еуропалық кинокомиссия қауымдастығына (EUFCN) кіру жұмыстары басталды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары