Омбыда «Абай» үйі ашылды
Жаңа мәдени-іскерлік үйі Ресейдегі қазақтарға қолдау көрсетеді
Ресейдің Омбы қаласында «Абай» мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуы онлайн-режимде өтті. Қазақстандағы «Отандастар қорының» мәліметінше, аталған орталық Ресейдегі қандастарға қолдау көрсетіп, негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істейді.
«Бірінші бағыты мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларына арналады. Екінші – «Атамекен» іскерлік бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсетіледі. Үшінші – «Жас қазақ» бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген. Төртінші – «Атажұрт» бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру жоспарланып отыр», - деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
Жалпы, жыл соңына дейін Тәшкент, Ыстамбұл, Бішкек және Берлин қалаларында да «Абай» үйлері ашылады деген жоспар бар. Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлесе жүзеге асырған.