Музыка саласының майталмандары мемлекеттік наградалармен марапатталды
Сонымен қатар бірнеше маман «Алғыс» грамотасына ие болды
Елордада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан музыкалық білім беру және өнер саласының өкілдеріне жоғары мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Салтанатты шара барысында Аида Балаева Мемлекет басшысының «Адал азамат» және «Еңбек адамы» тұжырымдамасына ерекше мән беретінін атап өтті. Министрдің айтуынша, әрбір маманның күнделікті қажырлы жұмысы елдің мәдени әлеуетін көтеруге тікелей әсер етеді.
«Мемлекет басшысы еңбек адамына әрқашан ерекше көңіл бөледі. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – соның айқын дәлелі. Ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңыз әрдайым лайықты бағасын алып, халықтың ілтипатына бөлене берсін», — деді вице-премьер.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Күй күмбірі» республикалық акциясына қосқан үлесі және әлеуметтік-мәдени дамуға сіңірген еңбегі үшін президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен Қарлығаш Әжиева – режиссер-қойылымшысы марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Шолпан Қорғанбек – Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобының көркемдік жетекшісі марапатталды.
Сонымен қатар, музыкалық білім беру саласындағы жемісті жұмысы үшін бірнеше маман «Алғыс» грамотасына ие болды. Олардың қатарында №1 балалар музыка мектебінің оқытушысы Жанар Оралбаева, Р. Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлнұр Қамзина, №3 балалар музыка мектебі директорының орынбасары Айнұр Баймаханова және Астана қаласы әкімдігіне қарасты №2 көркемсурет мектебі директорының орынбасары Гүлшат Жұмабаева бар.