«Алтын шаңырақ»: Астанада «AMANAT» партиясының қолдауымен алғаш рет этносаралық аламан айтыс өтті
Бас жүлдені Ирина Новицкая мен Жібек Шахмарданқызы иеленді
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Астана қаласының әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы алғаш рет «Алтын шаңырақ» республикалық этносаралық ақындар айтысын ұйымдастырды. Оған республикалық айтыстарда топ жарып жүрген 12 танымал ақынмен бірге, түрлі этнос өкілдерінен 12 өнерпаз бірінші рет сөз барымтасына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бүгінгі дүбірлі дода бірліктің, достықтың, татулықтың, өнерге деген жанашырлық пен құрметтің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын мемлекеттік саясатымыздың негізі ретінде бекітіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту ісіне баса назар аударып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеуде. Бүгінгі бөгенайы бөлек айтыс – сол көшбасшы идеяның нақты жемісі. Мұнда тілі басқа болғанымен, тілегі бір, рухы үндес өнерпаздар бас қосып отыр. Олар халқымыздың мызғымас бірлігі мен татулығын жырға қосып, қазақтың шұрайлы тілін, сөз өнерінің құдіретін паш етпек», – деді ол.
Аламан айтысты белгілі ақын, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай тізгіндеді. Ол өз сөзінде «Алтын шаңырақ» айтысының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату, этностар арасындағы алтын көпірді нығайту екенін айтты.

«Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын тағдырдың жазуымен, заманның тауқыметімен елімізге қоныс аударған әрбір ұлт өкілін қазақ халқы өзектен теппей, бауырына басты. Бір үзім нанды бөліп жеп, бір шаңырақтың астында бірге күн кешті. Бүгін, міне, сол бауырларымыздың ұрпақтары қазақ тілінде көсіле сөйлеп, домбыраның құлағында ойнап, айтыс сахнасына шығып отыр. Бұл – біздің қанымызға сіңген қонақжайлық пен кеңпейілдіктің жемісі», – деді халық қалаулысы.
Дүбірлі доданың шоқтығын биіктеткен – белгілі айтыс ақындарының бірнеше ай бойы түрлі этнос өкілдерінен сөз өнерінің жаңа жұлдыздарын баптап, оларды сахнаға алып шығуы. Әр ақын өз шәкіртінің бойына қазақтың рухын, тілін, домбыраның қасиетін сіңірді. Осылайша сахна төрінде башқұрт, корей, неміс, нигериялық, өзбек, моңғол, молдаван, орыс, ұйғыр, украин және қырғыз этностарының өкілдері қазақ тілінде суырыпсалма өнер көрсетіп, ел бірлігі мен достықты жырға қосты. Олар жұптық форматта бақ сынады.

Айтыс барысында Қазақстанның көпэтносты мемлекет ретіндегі тарихи ерекшелігі кеңінен көрініс тапты. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – еңселі елдіктің, еселі еңбектің және мәңгілік достықтың дәлелі.
Ал бірлігіміз бен татулығымызды ту еткен этносаралық айтыста ақындардың сөз барымтасын мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахман, белгілі ақын, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт, белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазы бағалады.

Осылайша бас жүлдені – Ирина Новицкая (Қостанай облысы) мен Жібек Шахмарданқызы жұбы иеленді. Оларға 3 млн теңге табысталды. Жүлделі 1-орын – Валерия Цой (Қарағанды облысы) мен Дидар Қамиға бұйырып, 2 млн теңге сыйақы берілді. Ал 2-орынды – Эльдана Габерман (Астана) мен Иран-Ғайып Күзембаев және Анварбек Садықов (Атырау облысы) пен Шалқарбай Ізбасаров жұптары өзара бөлісіп, 1,5 млн теңгеден иеленді. Бұл ретте 3-орынды үш бірдей жұп қанжығалады. Атап айтқанда, Алла Платонова (Астана) мен Мейірбек Сұлтанхан, Қанат Хитрук (Ақтөбе облысы) пен Нұрбол Жауынбаев, Халида Саметова (Абай облысы) мен Әсем Ереже. Олардың әрқайсысына 1 млн теңге сыйақы берілді.

Бұған қоса Дильшат Юсупов (Алматы облысы) пен Бибігүл Тілебалдинова, Акрам Ирисметов (Шымкент) пен Нұрлан Есенқұлов, Даниель Джеймс (Алматы) пен Өміржан Көпбосын, Салтанат Жаба (Жамбыл облысы) мен Алтынкүл Қасымбекова жұптарына алғыс хаттар мен 900 мың теңгеден ұсынылды.