«Бес асыл»: «AMANAT» партиясының қолдауымен төл өнеріміз төрге озды
Ақмола облысының әкімі мұндай жобалар жастарға асқақ рух сыйлайтынын атап өтті
Көкшетауда «AMANAT» партиясының қолдауымен Ақмола облысы әкімдігі және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы республикалық «Бес асыл» ұлттық өнер сайысын ұйымдастырды. Онда Ақмола және Атырау облыстарының өнерпаздарынан құралған командалар бақ сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай дүбірлі дода тізгінін ұстап, ұлттық өнердің мәні мен маңызына ерекше назар аударды.
«Бүгін киелі Көкше жеріндеміз. Бұл – сал-серілердің ізі қалған, ән мен жырдың қасиеті сіңген, талай тарлан талантты түлеткен өңір. Осындай рухы биік мекенде «Бес асыл» сынды ұлттық жобаның өтуі – үлкен мәртебе.«Бес асыл» – жай ғана өнер сайысы емес, бұл – қазақтың рухани болмысының айнасы. Айтыс, жыр, күй, терме және дәстүрлі ән – халқымыздың жан дүниесін, тарихын, тағдырын сақтап келген асыл қазына. Бұл өнер түрлері ұлттың үнін, елдің мұңын, халықтың қуанышын жеткізген. Осындай жобалар арқылы біз сол мұраны жаңғыртып қана қоймай, оны жас буынға аманат етеміз. «Бес асыл» – сол сабақтастықтың жарқын көрінісі», – деді ол.

Осы орайда, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мұндай жобалар жастарға асқақ рух сыйлайтынын атап өтті.
«Бүгін біз ұлттық өнеріміздің қаншалықты бай әрі мазмұнды екенін көріп отырмыз. Дәстүрлі мәдениетті қолдау – ел болашағына қосылған үлкен үлес. Осындай жобалар жастарды рухтандырып, ұлттық құндылықтарды нығайтады», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ іргелі іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Жабал Ерғалиев орамды ойын ортаға салды.
«Бүгін нағыз мәдени іс-шараның куәсі болдық. Екі команданың да деңгейі жоғары. Бұл тек сайыс емес, бұл – ұлттық өнердің мерекесі. Осындай додалар дәстүрлі өнерді жаңғыртып қана қоймай, жас буынға шалқар шабыт сыйлайды. Көрермен ретінде ерекше рухани әсер алдық», – деді ол.

Сайыс барысында айтыс, күй, жыр, терме және дәстүрлі ән сынды ұлттық өнер түрлері қамтылды. Бұл ретте, Ақмола облысының намысын белгілі ақын Арман Бердалин, ал Атырау облысының командасын белгілі ақын Сағадат Нұрманов бастап шықты.

Қазылар алқасы құрамына Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті. Осылайша, сайыс қорытындысы бойынша Ақмола облысының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
