«Дипломаттың әйелі»: блогер Аселина Батырдың адвокаты торт дауына қатысты сотқа БАҚ қатыспасын дейді
Ол бұл мәселе алдын ала келісуі керек дегенді алға тартып отыр

Астанада танымал блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау сотқа жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта кондитер Нұршат Ақбергенованың адвокаты Аржан Сәдуақас қарсы тарап торттың қалған 500 мың теңгесін төлеуі керегін айтты.
Аселина Батырдың өкілі Ғазиза Әлібекова жәбірленуші тараптың ұсынып отырғаны бейбіт келісімі мен талаптарын қабылдамайтынын айтты.
«Біз алдымен БАҚ-тың сот отырысына қатысуын бізбен келісуін сұраған едік. Жауап беруші өзге мемлекет дипломатының әйелі болып отырғанын ұмытпайық. Сол себепті біз өз талабымызда БАҚ-тың қатысуын алдын ала бізбен келісуін сұрап, құқығымызды бұзбасын дедік. Ол мәселені бірлесе қарастырамыз деп ойладық», - дейді блогердің өкілі.
Өз кезегінде судья адвокатқа бұл мәселеге қатысты кейін арыз түсіре алатынын жеткізді.
«Жауапкер – Еуропалық одаққа мүше өзге мемлекеттің дипломатының жұбайы. Оның үстіне, ол бұрын ауқымды кибербуллингке ұшырап, бұл жайт бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрсетілді. Ал талапкер тарапынан және оның өкілінен қоғамда әдейі ажиотаж туғызып, жалған ақпарат тарату әрекеттері байқалады. Сондықтан біз сотқа өтініш білдіріп отырмыз: процесті жабық түрде өткізіп, оған БАҚ пен өзге де тұлғаларды кіргізбеуді сұраймыз. Себебі мұндай жағдайда бұл сотқа жанама түрде қысым көрсету», - дейді ол.
Еске салсақ, тамыз айында қазақтың ұлттық көрпелерін шығарушы, блогер Аселина Батыр құрақ көрпе күйінде жасалған 600 мың теңгелік торттың ақшасын төлемеген. Оны әзірлеген Нұршат Ақбергенова блогер тек 100 мың алдын ала төлем жасағанын айтады. Екі тарап келісе алмай, ақыр-соңы іс сотта қаралып жатыр.