«Горилла» ішкеннен кейін асқазаны тесілген: дәрігерлер видеосын көрсетті
Көкшетауда энергетик ішкеннен кейін 16 жастағы жасөспірімнің асқазаны тесілген

Көкшетауда 16 жастағы оқушы энергетикалық сусындарды жиі тұтыну салдарынан ауыр жағдайға түсті. Ол қатты іш ауруымен Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, шұғыл ота жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диагноз – перфоративті асқазан жарасы және іріңді перитонит
Шұғыл лапароскопиялық операция барысында асқазандағы жара тігілді, іш қуысы іріңнен тазартылды және дренаж қойылды.
«Науқаста перфоративті жара және жайылған іріңді перитонит анықталды. Мұндай ауыр диагноздың себебі – энергетиктерге әуестік. Оның денсаулығы бұрынғыдай болмайды. Асқазанда тыртық пен жара іздері қалады», – деді Хирургия бөлімінің меңгерушісі Ернар Қожабеков.
Жасөспірім аман қалды, бірақ қалпына келу ұзаққа созылады
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың өміріне қауіп сейілді, алайда алда оны ұзақ оңалу кезеңі күтіп тұр. Бұл жағдай энергетикалық сусындардың жасөспірім денсаулығына төндіретін қауіпін айқын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, мұндай жағдай осыған дейін де болған. Желіде ақхалат киген дәрігердің ота жасайтын бөлімде түсірген видеосы жарияланып, онда маман энергетикалық сусыннан жасөспірімнің асқазаны тесілгені хабарланған.