14.10.2026, 20:16
AR trend

«Болашағын әдемі еткісі келген әйелмін»: тұрмысқа шыққан Дариға Бадықова жан сырын ақтарды

Дариға Бадықова Олжас Абаймен өткен тойынан кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, бақыт пен жаңа өмір туралы сырын бөлісті

«Болашағын әдемі еткісі келген әйелмін»: тұрмысқа шыққан Дариға Бадықова жан сырын ақтарды
Фото: instagram.com/dariga_badykova

Қазақстандық актриса әрі продюсер Дариға Бадықова екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін өткен өмірімен қоштасып, жаңа өмір бастауға бел буғанын айтты. Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында бақытты болуды таңдағанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жақында Дариға Бадықова мен Олжас Абай дүркіретіп той жасады. Мерекелік кешке отандық шоу-бизнес өкілдерінің басым бөлігі қатысты. Актерлердің үйлену тойы көпшілік талқысына түскен оқиғалардың біріне айналды.

Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойын бөлісті. «Ыстық ұя» және «Таптым-ау сені» фильмдері арқылы танылған актриса өткен өмірін жария етпесе де, өзінің де басынан өткен оқиғалары бар екенін айтты.

«Мен өткен өмірімді жария етіп, ол туралы ән айтпаймын, тағдырымды фильмнің сценарийіне айналдырмаймын. Бірақ менің де өз тарихым бар! Мен өткенмен өмір сүргім келмейді. Тек алға қарай жүруді шештім. Бір күні жақсы күндер келетініне сендім. Бақыт, махаббат пен сиқырлы сәттер менің де өмірімнің бір бөлігі болатынына сендім. Сол сенімімнің сыйы ретінде өміріме осындай ғажап күн келді. Сол күннің құрметіне маған арнап ән шығарды», – деп жазды ол.

Дариғаның сүйіктісі, актер Олжас Абай оған арнап ән орындаған. Продюсердің айтуынша, бұл ән оның қазіргі бақытты күйін бейнелейді.

«Бұл – жаралы жүректің зары емес, бақытқа сенген жүректің жеңісі. Менің өткенім жоқ. Менде тек бүгінім мен болашағым бар! Өйткені мен өткенге байланып қалмай, болашағын әдемі етуді шешкен әйелмін», – деп түйіндеді актриса.

Желі қолданушылары да өнер иесінің қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін білдірді. Олар видеодан шынайылық байқалатынын айтып, жұпқа бақыт тіледі.

«Бәрі сондай әдемі әрі шынайы. Мұны видеодан да байқауға болады. Мұндай сезімді қолдан жасау мүмкін емес, оны бастан кешіп, сезіну керек!»

«Ақыры! Екеуіңнің бірге болғандарыңды үнемі армандап жүр едім. Сендер үшін өте қуаныштымын! Бақытты болыңдар!»

«Бұл – нағыз махаббат», – деп жазды желі қолданушылары.